9 Маусым 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Кассациялық сотқа 5 мыңға жуық шағым түсті: Әкімшілік әділет институты азаматтарға не берді?

Бұрын мемлекеттік органмен соттасу азаматтар үшін оңай болмағаны жасырын емес.

Қазақстанда әкімшілік әділет институтының енгізілгеніне бес жыл толды. Сот жүйесінің мәліметіне сәйкес, бес жыл ішінде әкімшілік істер бойынша талаптардың шамамен 80%-ы қанағаттандырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне еніп, елімізде мамандандырылған әкімшілік соттар жұмысын бастады. Бұл реформа мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік органдардың шешімдеріне сот арқылы тиімді түрде шағымдануға мүмкіндік берді.

 Әкімшілік әділеттің басты мақсаты – азаматтар мен бизнестің мемлекеттік органдармен туындайтын жария-құқықтық даулардағы құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұған дейін мұндай дауларды қарау барысында азамат пен мемлекеттік органның мүмкіндігі тең болмағаны жиі айтылатын. Ал жаңа жүйеде дәлелдеу міндеті мемлекеттік органның өзіне жүктеледі.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлмира Қыдырбаеваның айтуынша, соңғы бес жылда әкімшілік әділет өзінің тиімділігін нақты дәлелдей алды.

Әкімшілік әділеттің басты ерекшелігі – дәлелдеу міндетінің мемлекеттік органға жүктелуі. Егер мемлекеттік орган қабылдаған шешімінің заңдылығын дәлелдей алмаса, дау азаматтың пайдасына шешіледі. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігіне айналды,- дейді ол.

Талаптардың 80%-ы қанағаттандырылған

Сот жүйесінің мәліметіне сәйкес, бес жыл ішінде әкімшілік істер бойынша талаптардың шамамен 80%-ы қанағаттандырылған. Бұл көрсеткіш азаматтардың сот арқылы өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі айтарлықтай артқанын көрсетеді.

Кассациялық сот: 11 айда 5 мыңға жуық шағым қаралған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының судьясы Ерлан Нұралиевтің айтуынша, әкімшілік әділет соңғы бес жылда еліміздегі ең маңызды құқықтық реформалардың біріне айналды.

Әкімшілік әділет жүйесінің дамуы аясында Кассациялық соттың құрылуы да маңызды қадам болды. Бұрын азаматтар өз ісін Жоғарғы сотқа дейін жеткізу үшін бірнеше сүзгіден өтетін болса, қазір кассациялық сатыға тікелей жүгіну мүмкіндігі қарастырылған,- деді ол.

Кассациялық соттың жұмыс істеген 11 айында республика бойынша 5 мыңға жуық шағым қаралған. Оның ішінде істердің шамамен 50-60 %-ы бойынша азаматтар мен кәсіпкерлердің талаптары қанағаттандырылған. Ал тек 16% жағдайда ғана төменгі сатыдағы соттардың шешімдеріне өзгеріс енгізілген.

Судьяның айтуынша, бүгінгі әкімшілік әділеттің тағы бір маңызды ерекшелігі – сот шешімдерінің орындалуына бақылау жүргізу.

 Егер мемлекеттік орган сот шешімін белгіленген мерзімде орындамаса, ақшалай өндіріп алу шаралары қолданылады. Лауазымына қарамастан кез келген мемлекеттік орган сот шешімін орындауға міндетті, – дейді Ерлан Нұралиев.

Судьяның айтуынша, мұндай тетіктер мемлекеттік органдардың тәртіптілігі мен жауапкершілігін күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Депутаттар не дейді?

Сот жүйесіне қатысты өз пікірін жиі білдіретін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әкімшілік әділет институтының енгізілуін оң бағалады.

Бұрын сотқа жүгінген кәсіпкерлер мемлекеттік органдардан жиі жеңіліп жататын. Әкімшілік әділеттің арқасында мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы теңдік қағидаты қалыптасты, – деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Марат Башимов бұл жүйенің әділ сот төрелігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.

Азаматтық соттарда теңдік болғанымен, қарапайым азаматтар көп жағдайда жеңіліп қалып жататын. Ең бастысы – әділеттілік пен нақты шешімдердің болуы. Себебі бизнес те, қоғам да соған сенеді, – деді ол.