Әкімдіктің бұрынғы қызметкері 4,7 млн теңге жымқырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әкімдіктің бұрынғы қызметкері 4,7 млн теңгені жымқырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Біржақсынов "Antikor Live" жобасы аясындағы онлайн брифингте айтты.

Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімдігі бөлімінің бұрынғы жетекшісінің 4,7 млн теңге көлемінде бюджеттік қаржыны жымқырғаны бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Қапшағай қаласы бойынша Салық басқармасы жетекшісіне қатысты тергеу жұмыстары басталды. Ол салықтан жалтару мақсатында жеке тұлғалардың атына жалған есеп-фактурасын әзірлейтін коммерциялық ұйымдарды тіркеген. Көрсетілген тұлғалардан ол 2017 жылдың қарашасынан бастап 2020 жылдың сәуіріне дейін жалған келісімдерден 5-7 пайызын алып отырған. Оның салдарынан мемлекеттік бюджетке салық төлемеу бойынша 116,3 млн теңге нұқсан келген, - деді ол. 

Біржақсыновтың айтынша, Атырау облысында да тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Атырау облысы бойынша Полиция департаменті бөлім бастығының 1,5 млн теңге пара алуына қатысты тергеу жұмысы жүргізілді. Қазіргі таңда сотқа дейін тергеу қылмыстық-процессуалдық кодекстің 190-бабы бойынша аяқталды. Іс сотқа жіберілді, - деді ол. 

Біржақсынов бұл қылмыстарға қатысты бейнематериалдар бар екенін айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы