Әкімдіктердің жұмысын бағалауды оңтайландыру үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «SARAP» эксперттік клубының кезекті жиынында Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген өңірлік саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды.
Іс-шараны ҚР АҚДМ қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдыңғы екі жолдаулардағы бастамаға негізделген идеяларды жалғастыра отырып, өңірлік саясат мәселелерінің кей сұрақтарын толықтырып және кеңейтіп отыр, - деді ҚҚДИ Басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев.
А.Есенбаев өңірлердің бюджеттерін қалыптастыру кезінде шығындарды бақылау және қадағалауда қоғам өкілдерін тарту қажет екендігін атап өтті.
«Бюджетке қатысу» аймақтарда сәтті сынақтан өтті, бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы пәрменді қадамдардың бірі,- деді ол.Қатысушылар азаматтарды мемлекеттік басқару үдерісіне белсенді тарту мақсатында әкімдерді тікелей сайлауды енгізу шаралары айқындалған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын да талқылады.
Ualikhanov University проректоры, қоғам қайраткері Ғалым Байтоқтың пікірінше, ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың мүдделерін сапалы жүзеге асыруға бағытталған және келесі қадам аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігі болуы тиіс.
Өз кезегінде, саясаттанушы Елдос Жұмағұлов Мемлекет басшысы Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нәтижелі жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппарат азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеу керек деген сөздерін еске салды.
Бұл, ең алдымен, жергілікті билікке қатысты. Өңір басшылығы жергілікті экономиканы дамытуға, соның салдарынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыс атқару тиіс, - деді Елдос Жұмағұлов.
Отырыс барысында Жамбыл облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары Нұрлан Күнтуов, белгілі сарапшылар Айтбай Жұмағұлов, Ерлан Медеубаев, Дина Айкенова және т.б. сөз сөйледі.
Спикерлердің сөзін қорытындылай келе, ҚҚДИ төрағасы Асылбек Есенбаев Президенттің барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тетігін оңтайландыру үшін тәуелсіз әлеуметтік сауалнамаларды атап өткеніне назар аударды.
ҚҚДИ-да өңірлік супервайзерлер желісімен кәсіби әлеуметтік қызметі бар және біз осындай зерттеулер жүргізуге дайынбыз, - деді Есенбаев.
«SARAP» клубының отырысында сарапшылар Қазақстанның өңірлік саясатын жетілдірудің басты аспектісі - тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.