Әкімдіктер талапкерлерге 2,4 мыңға жуық білім грантын бөлді
Гранттар өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша мамандар даярлауға арналған.
Қазақстан өңірлерінде әкімдік гранттарына өтініш қабылдау басталды. Жергілікті атқарушы органдар биыл бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша барлығы 2392 білім грантын бөлді.
Гранттар өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша мамандар даярлауға арналған.
Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі бөлді – 303. Шымкентте 285, Шығыс Қазақстан облысында 270 грант қарастырылған. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы – 211, Абай және Түркістан облыстары – 200-ден, Ақмола облысы – 199, Қарағанды облысы – 198, Атырау облысы – 187, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді.
Қалған өңірлерде де талапкерлерге жүзге жуық грант ұсынылады.
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі керек. Құжаттар топтамасына білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке куәлік көшірмесі және бар болса, жеңілдік санатын растайтын құжаттар кіреді.
Гранттарды тағайындау туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Гранттарға өтініш беру тәртібі мен нақты мерзім туралы ақпаратты жергілікті әкімдіктерден немесе университеттердің қабылдау комиссияларынан алуға болады.