Әкімдіктегілер тақтайдай тегіс жолды ойдым-ойдым еткен
Атырау қаласы Ақжар ауылындағы АНПЗ қалашығының тұрғындары тегіс жолды бүлдірген биліктегілерге наразылықтарын білдірді. Инфрақұрылымды өз қаржыларына жүргізген халық, көшені жөндеп беруді талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл тұрғындар осыдан 16 жыл бұрын қалталарынан ақша жырып беріп, қалашықтың инфрақұрылымына қосқан. Желілердің бәрін өздері тартыпты. Көктемгі тасқын кезінде жаға бекітуге ағылған техника ең маңызды көшелерінің сау-тамтығын қалдырмаған. Ойдым-ойдым асфальтпен қазір жүру мүмкін емес дейді.
2024 жылға дейін тым жақсы тұрған көше. Тегіс болды. Тасқын кезінде құм толтырып алған ауыр көліктер осы жермен сабылды. Басқа жермен айналып өтуге мүмкіндік болса да, біздің жолды бүлдірді. Ендігі күйі мынау. Шұрық-тесік. Бұл қалашықта онкологияға, гипертонияға шалдыққандар бар. Жедел жәрдем шақыра қалсақ, жолдарың жаман деп келмейді де. Сонда біз не істеуіміз керек. Онсыз да бұл жолды кезінде өз қаржымызға салғанбыз. Енді оған тағы да шығындалатын жағдайымыз жоқ. Бүгінге көбіне үлкен кісілер тұрады. Ондай мүмкіндігіміз жоқ. Әкімдіктегілер өздері бүлдірген жолды жөндеп берсін деп талап етеміз,-дейді тұрғындардың бірі Разия Асанова.
Әкімдік маңын жағалаудан мезі болған халық бұл жолы электронды түрде өтініш беріпті. Онда да дәл сол көшені жөндеп беруді талап еткен. Алайда шенділер оған ақша жоқ деп қысқа қайырған. Атырау қаласы әкімі орынбасарының атынан келген хатта былай делінген.
Аталған көшедегі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен арнайы қаржы қаралмаған. Сол себепті қалыпқа келтіруді сол аумақтағы жер телімдерінің иелері өз қаржыларына жүргізулері қажет. Берілген жауапқа көңілдеріңіз толмаса, шағымдануға болады,-деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов.
Әрине бұл жауап жұрттың көңілін көншітпеді. Сол себепті тұрғындар шағым хатты қайта жолдаған.
Негізі бұл жер “Жазира-Терек” тұтынушы кооперативі деп аталады. 2008 жылы ірі компаниялардың бірі осы жерден жер телімін алып 40 шақты үй салды. Оның инфрақұрылымын жүргізді. Сол уақытта қаржының бәрін сол 40 үйге бөлді. Өзіміз тұратын болғасын миллиондарды бердік. Қазір АНПЗ қалашығы деп атаймыз бұл жерді. Тасқын кезінде жолымызды бүлдірді. Сау-тамтығы қалмаған. Енді оны кім ретке келтіреді? Бұл дұрыс емес қой. Төтенше жағдай кезінде жағаны бекітті. Ол өте маңызды болды. Себебі бізді су басса, ол ағын қалаға кетер еді. Сақтап қалғандарына еш сөзіміз жоқ. Дегенмен, бәрі тұрақталғанда жолсыз қалып отырмыз. Кооператив төрағасы ретінде электронды өтініш бердім. Жауаптарына көңілім толмайды. Өздері бүлдірген көшені реттесін,-дейді Жұмабек Мачеев.
Бүлінген көше маңына жиналып, наразылықтарын тізген бұқараға қалалық әкімдіктен ешкім келіп, базыналарын тыңдауға жарымады. Қайыршақты ауылдық округі әкімі орынбасарының міндетін атқарушы сылдыр сөзден басқа ештеңе айта алмады. Дәл қазір шешіп бере алмаймыз деп қысқа қайырды. Есесіне бұл проблеманы біржақты ету ауылдық округ әкімдігінің құзыры жетпейтінін жасырмады.
Бұл көшенің мәселесінен хабардармыз. Алайда оны реттеу Қайыршақты ауылдық округі әкімдігінің құзырына жатпайды. Жауаптылармен кездесіп, осы халықтың наразылығын жеткіземіз. Оны қалалық әкімдіктегілермен бірлесіп, шешу қажет. Мен сіздерге дәл осы күні қалыпқа келтіріледі деп айта алмаймын. Алдағы 15 күн ішінде халыққа нақты жауабын береміз. Ал қалған ауылішілік жолдар да бар жөндеу жасалмай, қалып қойған. Ол бойынша жобалық сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Қосымша ақпараты қолымда жоқ. Қажет болса сіздерге алып берейін,-дейді Қайыршақты ауылдық округі әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Абай Орынұлы.
Тұрғындар 15 күнді күтуге келісті. Егер мәселеміз шешілмесе талаптарын тізуге тағы шығатындарын айтады. Олай етпеске амалдары жоқ. Алда жауын-шашын басталады. Сол уақытта қалашықтан қалаға шығу, жүріп-тұру қиынға түскелі тұр. Сырқаты барларға да оңай емес.
Жауапты басқарма берген мәліметке сүйенсек, Атырау облысындағы биылғы тасқын кезінде Ойыл өзенінің тасуы салдарынан Қызылқоға ауданында, Жем өзенінің тасуы салдарынан Жылыой ауданында, Жайық өзенінің тасуы салдарынан Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласында барлығы 25,4 шақырым жол мен 6 көпір зақымданған. Қазіргі уақытта есептелген сметалық шығындар бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған жергілікті қазынадан 3 млрд 600 мың теңге бөлініпті. Қазір көпірлердің ешқайсысы қалыпқа келтірілмеген. Ал бүлінген жолдар бойынша Жылыой ауданында жұмыстардың 50%, қалған аудандарда 40% аяқталыпты. Жалпы жұмыс жыл аяғына дейін бітетін көрінеді.
Дегенмен бөгет салуға атсалысқан ауыр техника кесірінен қала аумағында бүлінген жер аз емес. Әкімдіктегілер соның бәрін ескеріп, қалыпқа келтірулері керек.