Алматының жарықсыз қалуына байланысты әкімдік түсініктеме берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда сағат 14.30 шамасында жаппай жарық өшті. Осыған қатысты қалалық әкімдік түсініктеме берді, деп хабарлады Zakon.kz.
"Жарықтың сөнуіне Оңтүстік өңір электр жүйесіндегі, атап айтқанда ТЭЦ-2, ТЭЦ-3, сондай-ақ Қапшағайдағы су электр станциясындағы ақау себеп болған. Қазір ақаудың нақты неден шыққаны анықталып жатыр. Қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі уақытта қалаға аудан-аудан бойынша біртіндеп жарық қалпына келтірілуде", - делінген хабарламада.
Алматы қаласы әкімдігінің Энергия тиімділік және инфрақұрылымдарды дамыту басқармасының хабарлауынша, "АлЭС" АҚ-қа тиесілі ТЭЦ-2 станциясында ақау орын алып, қаланың көп бөлігі жарықтан айырылды.
"Қазіргі уақытта бұл станциядағы ақау қалпына келтіріп, қаланың сыртқы айналма жүйесі арқылы қаланы қайтадан жарыққа қосып жатыр. Әр ауданға біртіндеп жарық берілуде", - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Қаладағы жарық сағат 17.00-де толықтай қалпына келтіретіні де айтылды.
Айта кетейік, қаладағы бағдаршамдар жарық өшкен соң 2 сағаттан кейіннен қалпына келтірілді. Қалада жарық жоқ кезде жол-көлік полициясының 450 қызметкері жол қозғалысын реттеуге жұмылдырылды. Қаладағы көлік қозғалысына қатысты үлкен мәселе туындамаған.