Бүгiн 2026, 12:42 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Әкімдердің рейтингіне ғылыми көрсеткіш енгізу керек – Бектенов 

Әкімдердің жұмысы енді ғылыммен бағалануы мүмкін. Үкімет жаңа көрсеткіш енгізуді ұсынып отыр – бұл аймақтар үшін нені өзгертеді?

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ғылым мен инновацияны дамыту бағытындағы мемлекеттік саясат туралы мәлімдеді.

Инновациялар еңбек өнімділігін арттыруға және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға негіз болады. Мемлекет ғылым мен инновацияны дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етіп жатыр. Соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы 6 есе өсті, – дейді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми әзірлемелерге салынатын жеке инвестицияларды ынталандыру үшін шығыстардың 300 пайызына дейін салық жеңілдіктері қарастырылған.

Сонымен қатар Бюджет кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың кен өндіруге жұмсалатын шығыстарының 1%-ын ғылым мен инновациялық технологияларды дамытуға бағыттау міндеті бекітілген. Инновацияларды венчурлік қаржыландыру құралдары кеңейтіліп, технологиялық брокерлік пен бизнес-акселерацияны қолдау шаралары күшейтілген.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін түрлі қаржы құралдары енгізілуде. Коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру аясында бизнестің ең төменгі қосымша қаржыландыру үлесі айқындалды. Ол жалпы грант сомасының кемінде 25%-ын құрауға тиіс, – дейді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, өңірлік ғылымды дамыту үшін құқықтық және бюджеттік база қалыптастырылған. Сонымен бірге ғылыми жетістіктер көрсеткішін аймақтарды дамыту жоспарларына енгізу қарастырылған.

Оны, сондай-ақ облыстармен қатар әкімдердің де рейтингтеріне қосу қажет, – деді Олжас Бектенов.