Әкімдерді сайлау науқаны ашық, әділ өтті – бақылаушы

«Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы» РҚБ төрағасы Төлеген Күнәділов аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау процесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Кеше сайлау өте жақсы өтті. Біздің адамдарымыз сайлау мүшелерімен бірге таңғы сағат 06.00-ден бастап қатысты. Өңірлер мен аудандарда сайлауға ниет білдірген тұлғалар да қатысып, бақылады. Биылғы жылдан бастап, сайлау үрдісіне қоғамдық бірлестіктер тарапынан орталық сайлау комиссиясында аккредитациядан өткен қоғамдық бірлестіктер ғана бақылаушы ретінде жұмысын жасай алады. «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы ақпан айында аккредитациядан өткен едік. Өңір-өңірлердегі бақылаушыларымыз бұл күні бейжай қалмай белсенділік танытты, – дейді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, биылғы науқанға 2 800-ден астам бақылаушы қатысып, сайлаудың ашық әрі әділ өткеніне көз жеткізген.

Өңірлердегі ахуал бойынша тікелей ақпарат алып отырдық. Барлық байқаушымыз бірауыздан науқанның жоғары деңгейде өткенін атап отыр. Тіркелуден бастап, хаттаманың көшірмесін алу, комиссия мүшелеріне қатысты шағым түскен жоқ. Сайлаушылардың көңіл-күйі жақсы, барлығы науқанға қатысқанын атап өтті. Біздің санағымыз бойынша 1436 сайлау учаскесінде 2 800 астам бақылаушы болды. Науқан күрделі болғандықтан, бір-бірімен алмасып отырды. Науқан ашық, әділ өтті деп айтуға негіз бар. Бұл сайлау үрдісі күрделі өткендіктен, өз жұмысына ұқыпты, байқаушы ретінде міндетім мен құқығын білетін мамандарға жүгіндік, – дейді «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы» РҚБ төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Төлеген Күнәділовтің мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы