Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселелерін шешуі қажет – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент білім алу үшін дұрыс жағдай жасау – мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін баса айтты.
Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі қажет.
Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан аталған жұмыстың орындалуына әкімдерді тікелей жауапты етіп бекіту жөніндегі Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуге тиіс. Қалғандары жыл соңына дейін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев бюрократияны азайту, нақты мәселелердің шешілуін созбалаңға салу проблемасын реттеуі керек екенін атап өтті.
Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдауға болады деп есептеймін. Бұл бүкіл процесті бір жерде жоспарлауға, салуға және басқаруға мүмкіндік береді. Мектептер бойынша талап ерекше болады, - деді Президент.