Әкімдер сайлауы бәсекелестікті арттырып, ауылдағы саяси өмірдің өсуіне әкеледі – Байтөкенова

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Жолдауында 2021 жылы өкілеттік мерзімі бітетін ауыл әкімдерінің сайлауын тікелей өткізу қажеттігін айтқан еді. Әкім сайлауы бізге не береді? Сайлауға қатысатын адамға қандай талаптар қойылады? Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасында не айтылған? Жалпы бізде жергілікті өзін-өзі басқару институты дамыған ба? Осы және басқа сұрақтар бойынша ҚР ҰЭМ Өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаментінің директоры Анар Байтөкенова сұхбат барысында айтып берді.


- Анар Абдоллақызы, осы әкімдер сайлауының маңыздылығы жайлы айтып берсеңіз?

- Әкімдерді сайлаудың қолданыстағы жүйесінде ауылдық әкімдерге кандидаттар ұсынуды аудан әкімі жергілікті қоғамдастықтың жиналысында келісілгеннен кейін жүргізеді, сайлауды мәслихат депутаттары жанама әдіспен өткізеді.

2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы бастаманы жариялады. Бұл - Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі дамыту жөніндегі уақыт талабы және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың басты аспектілерінің бірі.

Егер қазірде ауыл әкімдігіне кандидаттар ұсынуды аудан әкімі жүргізетін болса, енді тікелей сайлау кезінде ауыл тұрғындары өздерінің кандидатураларын ұсына алады. Сондай-ақ, үміткерлер саяси партиялар арқылы да ұсынылады.

Бұл сондай-ақ, бәсекелестікті арттыруға және ауылдағы саяси өмірдің өсуіне әкеледі.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың өз конституциялық құқығын толық іске асырудағы белсенділігін арттыруға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттілігі мен проблемаларын сезінуін арттыруға ықпал етуге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толығымен іске асыруға және әкім лауазымына үміткердің мүмкіндігі мен кәсіби қасиетін жақсырақ білуге мүмкіндік береді.

Министрлік ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша тиісті заң жобаларын әзірледі.

Заң жобасындағы жаңалықтар мыналар: жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін сайлауды енгізу; сондай-ақ саяси партиялар арқылы кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну тәртібін енгізу мәселесі. Бұл ауыл әкімін тіркеу, ұсыну, тағайындау және өкілеттігін тоқтату тәртібін белгілеуге қатысты.

- Ауыл әкімдерін сайлауға қарсы шығып жатқандар да бар. Бұл мәселе трайбализмнің ушығуына әкеледі дейді. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Біздің еліміз біртұтас және көпұлтты мемлекет екені белгілі. Әкімдерді сайлау тікелей жүргізілетін болғандықтан, халық өзінің талабына сай келетін кез келген үміткерді таңдауға құқылы. Трайбализмнен қорқу, соның кесірінен азаматтардың өз еркін білдіруіне сенімсіздік танытуымыздың салдары орталықсыздандыру процесінің баяулауына және халықтың мемлекетке деген сенімінің азаюына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан біз халықтың өзі таңдаған үміткерді сайлауына мүмкіндік беруіміз керек.

Бұл сонымен қатар, әкімдердің әрі халықтың да жауапкершілігін, сондай-ақ әкімдердің тұрғындарға есеп беруін де арттыруға ықпал етеді деген ойдамыз. 

- Жалпы бізде жергілікті өзін-өзі басқару институты дамыған ба?

- Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру кезеңінде, яғни 2012 жылдан бастап өзін-өзі басқару институтын дамытуда елеулі қадамдар жасалды. Ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқару органдары ұйымдастырылып, жергілікті қоғамдастық жиналыстары мен жиындарын құру, өткізу тәртібі, сондай-ақ өкілеттіктері айқындалды. Ауылдық округ әкімдері өз бюджеті мен коммуналдық меншікке ие болды.

Ауылдық деңгейге салықтар мен төлемдердің 6 түрі берілді. Айыппұлдың кейбір түрлерінің түсімі де (абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю) ЖӨБ бюджетіне тікелей түседі Ауыл әкімі жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп, мәселен, жалға беру және жалға беруден түсетін қосымша табысты ауылды дамытуға бағыттау секілді коммуналдық мүлікті пайдалану мәселесін шешеді. Нысаналы трансферттердің шығысы мен міндетті шығысты қоспағанда, барлық шығыс жергілікті қоғамдастық жиналысында талқыланғаннан кейін айқындалады.

2013 жылы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін жанама сайлауды енгізу саяси жүйені демократияландыру процесіндегі қажетті қадам болды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы тағы бір қадам – осы жылғы екінші жартыжылдықта басталатын халықтың ауыл әкімін тікелей сайлауы. Жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттігі мен мүмкіндіктерін кеңейту жұмысы жалғасып жатыр.

- Әкімдерді сайлау қай кезден бастап жүргізіледі?

- Ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы 2021 жылғы екінші жартыжылдықта өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ол өкілеттік мерзімі биыл аяқталатын 800-ге жуық әкімге қатысты, негізі барлығы 2298 әкім бар.

- Әкімдерді сайлаудың басымдылығына тоқталып өтсеңіз, ол бізге не береді?

- Сайлау – демократияның маңызды институты. Бұл халықтың ерік-жігерін білдіруі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуындағы негізгі нысанның бірі. Шетелдегі көптеген тәжірибе көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы, яғни әкім өз сайлаушылары алдында зор жауапкершілікті сезінеді. Бұл оның жұмысының нәтижелі болуына оң әсер етпек.

Бұл сайлау Қазақстанның сайлау жүйесін дамытудағы маңызды кезең, ауқымды өңірлік сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа практикалық тәжірибесін жинақтаудың негізі болмақ.

- Әкім сайлауына қатысатын адамға қойылатын қандай да бір талаптар бар ма?

- Үміткерге қойылатын негізгі талап өзгерген жоқ. Ол жасы жиырма беске толған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Ауыл әкімі мемлекеттік қызметші болып табылады және білімі мен мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың белгілі бір талабына сәйкес келуі тиіс. Атап айтсам жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан кем емес, мемлекеттік органдар болып табылмайтын ұйымдардың басшылық лауазымдарындағы жұмыс өтілі екі жылдан кем емес және тағы басқа.

Дегенмен, әкімдерді енді осы ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындары сайлайтын болғандықтан, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық экономика министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдерімен бірлесіп, ауыл әкіміне қойылатын талапты азайту туралы шешім қабылданып отыр. Яғни бұл халық тікелей өзі сайлаған үміткер болғандықтан, оларға артық талап қойылмайды.

- ҚР Ұлттық экономика министрі жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы жасалатынын айтқан еді. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

- Иә, Министрлік 2030 жылға дейінгі ЖӨБ тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде мыналарды ұсынып отырмыз:

- 2021 жылы ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің, 2025 жылы аудандық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу;

- салықтың қосымша түрлерін ЖӨБ деңгейіне беру;

- тиісті құзыреті бар ЖӨБ өзін-өзі басқару өкілді органын құру;

- қоғамдық маңызы бар шығыстарға қатысты қоғамдық сараптамадан және онлайн-сауалнамадан өту тетігін енгізу;

- мәслихаттар депутаттарына петициялар жасау (қол жинау) және мәслихаттар депутаттары отырыстарын онлайн-трансляциялауды ұйымдастыру құқығын беру;

- ЖӨБ бюджетімен жұмыстың оңайлатылған тәртібін енгізу;

- жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен ЖӨБ өкілеттіктерінің аражігін кезең-кезеңімен бөлу.

Тұжырымдама жобасын орталық мемлекеттік органдар, облыстардың жергілікті атқарушы органдары ғана емес, сондай-ақ аудандар мен ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен институттары талқылап, қолдады.

Біз жоғарыда көрсетілген шараларды кезең-кезеңімен сапалы іске асыру өңірлердің аумақтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайларына сәйкес келетін, сондай-ақ тұрғындар мен тұтастай мемлекеттің мүдделеріне жауап беретін ЖӨБ жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

- Жергілікті өзін-өзі басқару кезінде қандай басымдылық беріледі?

- ЖӨБ реформасының басты міндеті - тұрғындарды және кәсіпкерлерді өздері тұратын және бизнеспен айналысатын елді мекенді дамытуға тарту, қаражатты ұтымды пайдалануды және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілер мен шығындарды азайту және тұрғындарды бірлікке тәрбиелеу.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы