Әкімдер мен министрлерге ескертемін. Мамин азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне қатысты тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне мүлдем жол берілмеуі тиіс екенін айтып, меморгандарға тапсырма берді.

Бәсекелестікті қорғау агенттігі әрбір тауар позициясы бойынша баға белгілеу тізбегін мұқият зерттеп, нарықтың ірі қатысушылары арасында өзара келісуге жол бермеу үшін монополияға қарсы уақтылы шаралар қабылдасын, - деді Мамин.

Үкімет басшысы Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің барлық түрлері бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.   

Сауда министрлігі азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін тауарлар мен шикізаттың экспорты мен импортына қатысты сауда шаралары бойынша ұсыныстар енгізсін. Ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды, оның ішінде көтерме-тарату орталықтарын құруды жылдамдату қажет. Сонымен қатар сауда процесін тездетіп цифрландыру керек, - деп тапсырма берді премьер-министр.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі Кешенді жоспарды 2023 жылдың аяғына дейін қабылдауды қамтамасыз етуі қажет.

Әкімдіктермен бірлесіп, оффтейк-келісімшарттар мен форвардтық сатып алу аясында Азық-түлік корпорациясының азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін сатып алуы мәселесін пысықтасын. Сонымен қатар, әкімдіктермен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетсін, оның ішінде субсидиялауды, өндірушілердің қарсы міндеттемелерін белгілеуді қарастыру қажет, - деді Мамин.

Одан бөлек, әкімдіктерге Тұрақтандыру қорларының қызметінде  форвардтық сатып алу схемасын қолдануды және «Қайтарымды схемаға» қаражат бөлуді ұлғайтуды тапсырды.

Әкімдіктер импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым түрде іске асыруы қажет. Өте қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын ұлғайтуды қамтамасыз ету керек. Әкімдер мен министрлерге ескертемін - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне мүлдем жол берілмеуі тиіс, - деп тапсырма берді Асқар Мамин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы