Әкім: Ұлытау облысы 34 млрд теңгеге газбен жабдықталды

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Облыс әкімі өңірді жылу желісімен қамтамасыз ету үшін не қажеттігін атап өтті. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 130 шақырым жылу желілері мен жылу станциясын жаңғырту, Сәтбаев қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін заманауи бу-газ жабдықтарын салу қажет. Өңір тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үйтас-Айдос су тартқышы қайта жаңартылады. Қожамсейіт кен орнының су тартқышы және Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауызсу тазарту құрылысына дейін су тартқыш, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау ауданының 12 ауылдық елдімекенінде су құбыры желілері салынады, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Айтуынша, өңір барлығы 300 шақырым сумен жабдықталып, 127 шақырым су бұру желілері салынып, реконструкцияланады. 

Газ инфрақұрылымын дамытуға 34 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.  Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданының кенттері, Сәтбаев қаласының жеке секторы, Жезқазған қаласының Кеңгір ауылы газдандырылады. Көлік және логистика бағыттары бойынша Жезқазған қаласындағы Теміржол вокзалы мен әуежайдың қолданыстағы ғимараттарын қайта жаңарту және жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа, облыс орталығының Шымкент қаласымен жаңа әуе қатынасы ашылады. Сонымен қатар 227 шақырым облыстық маңызы бар автожолдар мен 118 шақырым қалаішілік және кентішілік жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу жоспарда бар, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы