Әкім Семейдегі инфрақұрылым нысандарының құрылысын тексерді

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы бірқатар нысандарға барып, құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Қазір «Қарағайлы» шағын ауданында блок-модульді пункт салынуда. Бұл нысан қаланың қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірін жылумен қамту жүйесін жақсартуға арналған. Қазір құрылыс алаңында қазандықтар, ауа өткізгіштер мен кәріздерді орнату жұмысы жалғасуда. Сондай-ақ мұржа мен көмір сақтайтын қойманың іргетасын қалау жұмысы аяқталуда.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылыс барысымен де танысты. Құрылысты 2024 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатқан құрылысқа озық технологиялар мен заманауи тәсіл қолданылуда.

Бұл жобаларды жүзеге асыру семейліктердің өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың жайлылығы пен қауіпсіздігін арттырады. Біз тұрғындар алдындағы міндетімізді орындап, құрылысты мерзімінде аяқтауымыз керек. Сондықтан жұмыс қарқыны бәсеңдемеуі қажет. Қыс қыр астында, - деді облыс әкімі мердігерлерге.

Құрылыс алаңындағы жұмыстарға байланысты әкім өзінің орынбасары Димитрий Гариков пен басқарма басшыларына қадағалауды босаңсытпауды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы