Әкім ойын алаңдарына ревизия жасауды тапсырды
Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыдағы ойын алаңдарына ревизия жасауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Молодёжный» мәдениет үйінде өткен жиында қарағандылықтар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа елуден астам сауал қойды. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және қоғамдық көлікке қатысты болды.
Облыс әкімі алғысөзсіз, баяндамасыз бірден халықпен сөйлесуге көшті.
Кез келген адам сұрақ қоя алды.
Қарағандылықтар аймақ басшысынан ойын алаңдарын аралауды сұрады. Сапасыз жұмыс жасаған мердігерлерге тұрғындардың шағымы көп.
Аудан әкімдеріне ойын алаңдарына ревизия жасауды тапсырамын. Тәуекелдерді анықтау керек. Балаларға қауіп төнсе, ойын алаңдарна демонтаж жасалу керек. Жақында Майқұдықта болған оқиғадағы нәтижені күтудің қажеті жоқ. Барлық мердігерлер қатаң бақылауға алынсын, – деп баса айтты Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, қала тұрғындары тұрғын үйлердің маңындағы ірі қоқыстардың уақытылы шығарылмайтынына шағымданды. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожуховтың айтуынша, ірі көлемдегі қалдықтар кестеге сәйкес – екі аптада бір рет шығарылады.
Заң бойынша құрылыс пен ірі көлемдегі қалдықтарды тұрғындар сыртқа шығаруы керек. Толып жатқан резервуарлар мен жабық аулаларды көріп, осы қоқысты тазалауға бастама көтердік. Бірақ қалада мыңға жуық аула бар, тазалауға мың жүк тиегіштерді бірден іске қоса алмаймыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қоғамдық көлікке қатысты сұрақтар да қойылды.
Қоғамдық көлікте ақау болғанын мойындаймыз. Қазір тасымалдаушы жаңа автобустарды сатып ала бастады, бұл жұмыс жалғасын табады. Біз балаларға тегін жолақысын жасадық, пандемия кезінде жабылған маршруттарды қалпына келтірдік. Алты жылдан бері тариф көтерілмеген. Экономикалық тұрғыдан жолға қойылса, субсидиясыз бүгін жолақы 250 теңгені құрайтын еді, – деді облыс әкімі.
Тұрғындар 21-ші және 22-ші ықшамаудандарға балабақша салып, жеке сектордың аулалары мен жолдарын асфальттауды сұрады. Аймақ басшысы қазір ең бастысы жылу және сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Өңірде инженерлік инфрақұрылымның тозуы көп, сондықтан бюджет қаражатының негізгі бөлігі қазандықтар мен желілерді жөндеуге кетеді.
Халықпен кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.