Әкім Екібастұздағы жылу желілерін жөндеу барысын тексерді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жылу желілерін жөндеу барысын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша кеншілер қаласында 269 (34 магистральдық және 235 орамішілік) ақау анықталды. Оларды жою жұмыстары қазірдің өзінде басталып, 25 бригада желілерді жөндеу мен ауыстыруды кезең-кезеңімен орындап жатыр.
15 мамырға дейін желілерді жөндеудің бірінші кезеңін аяқтап, 137 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық суға қосу жоспарлануда, содан кейін 25 мамырға дейін 221 КТҮ және 246 КТҮ 10 маусымға дейін қосуды жоспарлап отыр. Үйлерге ыстық су беру тізімі ЕЖЭО телеграм-каналында жарияланады, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ЖМ-5 және ЖМ-12 магистральдық құбырларын қайта құру жұмыстары басталды. Қазір ескі желілерді бөлшектеу және басқа да дайындық шаралары жүргізілуде. Барлығы төрт жылу магистралі жаңартылады. Жұмыстарды тамыз айының соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда.
Өңір басшысы жылу желілерін жаңарту кезінде тоттанудан қорғауды ескеріп, барлық жұмысты қажетті талаптарға сәйкес және екібастұздықтардың үйлерін дер кезінде ыстық сумен қамтамасыз ету үшін уақытылы жүргізудің маңызды екенін атап өтті.