Әкім: Биыл Ұлытауда 104 мың шаршы метр үй қолданысқа беріледі
Ол дегеніміз, пәтер саны 728-ді құрайтын 15 тұрғын үй, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлытау облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал жыл басынан бері, яғни, қаңтар-наурыз айларының аралығында 8.2 мың шаршы метр баспана кілті табысталып үлгерді. Бұл жайында бүгін өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы Үкімет отырысында мәлімдеді.
Облыс әкімінің айтуынша осы жылдың маусым айында коммерциялық және кредиттік үйлерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда облыс бойынша қаржыландырудың барлық көзі есебінен жалпы ауданы 94 мың шаршы метр, пәтер саны 1052 құрайтын 21 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде 6 жалдамалы (288 пәтер) тұрғын үй салынуда, - деді ол.
Одан бөлек жиында халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтар үшін 243 дайын пәтер сатып алуға қаражат қарастырылғаны және қосымша 188 баспана алуға өтінім беру үшін мүмкіндіктің бар екені айтылды.
Айта кеткен жөн, тұрғын үй құрылысы бойынша Ұлытау облысында проблемалық объектілер жоқ.