Әкім Асанәлі Әшімовті мерейтойымен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл КСРО Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов 85 жасқа толады.
Тұлғаның мерейтойына орай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Халық әртісінің шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театрының актерлері «Тағдыр тағдыры» спектаклін ұсынды. Театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтың өзі.
Қойылым басталмас бұрын Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Асанәлі Әшімовтың қатысуымен қазақтың тұңғыш театр режиссері Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Қойылым барысында Асанәлі Әшімовтің өмір жолындағы арпалыстар баяндалды. Бұл тұлғаның күнделік жазбалары мен естеліктері негізінде режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың сахналаған туындысы.
Спектакльден кейін сахнаға шығып, құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Асанәлі Әшімовтің еліміздің рухани-мәдени өміріне қосқан зор үлесін атап өтіп, оның асқан таланты, ерік-жігері мықты қасиеттеріне айрықша тоқталды.
Асанәлі Әшімов - тек жамбылдықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышы. Сіздің ел мәдениетін дамытуға, жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесіңіз орасан. Бүгін Сіз өз шәкірттеріңізбен бірге жерлестеріңіздің назарына әсерлі қойылым ұсынып, керемет көңіл-күй сыйладыңыздар. Сіздерге зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін, - деді Нұржан Нұржігітов.