Қарағандылықтар әйгілі "Ақтастағы Ахикомен" қоштасты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында бұрынғы жапон әскери тұтқыны Ахико Тецуроның денесін жер қойнына тапсырды. Биыл қараша айында Тецуро 90 жасқа толушы еді.
Ахико Тецуро - 1945 жылы Жапония капитуляция актісіне қол қойғаннан кейін Совет одағы тұтқындаған мыңдаған жапон сарбазының бірі. КарЛАГ-та он жыл отырып шыққаннан кейін Қазақстанда қалып қойған.
"Азаттық" радиосының хабарлағанындай, Ахиконы 20 маусымда Ақтас ауылында жерледі. Ол мұнда ұзақ жыл тұрған. Оның қызының айтуынша, күрделі операциядан кейін соңғы жарты жыл ішінде әкесі төсек тартып жатып қалған. 17 маусымда қайтыс болған.
31 желтоқсанда әкем құлап, жамбасын сындырып алған еді. Операция жасалып, оған сым қойылды. Наркоздан әрең айығып, басы ауыратын болды, тіпті мені танымай қалатын. Соңғы жарты жыл ішінде қолымда тұрды. Жүрмесе де өздігінен төсектен тұра алатын. Жағдайы нашарлаған кезде жедел жәрдем шақырдым, бірақ оны ауруханаға жатқызудан бас тартты. Дәрігерлер оның жасы үлкен екенін және қажетті күтім керек екенін айтты. Үш күн үйде есін білмей жатты. Оны ауруханаға жатқызса, бәлкім, тірі қалар ма еді? Жүрегі жақсы болатын, - деді марқұмның қызы Ирина Ахико.
Қарағанды облысының әкімдігі "Азаттық" тілшісіне карантинге байланысты жергілікті биліктен жерлеу рәсіміне ешкімнің қатыспағанын айтты.
Ахиконың туыстарының сөзіне қарағанда, Тецуро Ахико көз жұмған күннің ертесінде Сарань және Қарағанды қаласының әкімдік өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясынан адамдар келіп, қаржылай көмек берген.
Ахико Тецуроның тағдыры еш жазықсыз сотталып, лагерьге айдалған мыңдаған адамның тағдырына ұқсас. Жапонияда әскери училищеде оқып жүрген 17 жастағы Ахико Тецуроны екінші дүниежүзілік соғыс кезінде совет армиясы тұтқындап, Қазақстанның Қарағанды облысындағы "Карлагқа" жөнелткен. Онда он жыл отырған. Лагерьден босап шыққаннан кейін Қарағанды түбіндегі Ақтас ауылында қалып, Еділден Қазақстанға қоныс аударылған неміс отбасынан шыққан қызға үйленген. Жапониядағы туыстары мен жақындарын жарты ғасыр өткеннен кейін туған еліне барған кезде ғана бір-ақ көрген. Ол әйелімен үш жыл Жапонияда тұрған. Бірақ әйелінің өтінішімен 2014 жылы Қазақстанға оралған. Ахико Тецуроның екі баласы, төрт немересі, 10 шөбересі бар.
2016 жылы қараша айында Ахико Тецуро әйелі Еленамен бірге Қарағандыға - өзінің тағдырына арналған «Ақтастағы Ахико» қойылымының премьерасына шақырылды.
Совет одағы тұтқындаған шамамен жүз мың сарбаздың 59 мыңы Қазақстанға жіберілген. Жапон тұтқындары өнеркәсіп, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыстарда, шахта, кен орындарында, ауыл шаруашылығында ауыр еңбекке жегілді. Көптеген жапон тұтқыны сталиндік ГУЛАГ-тың сұмдықтарын бастан кешіріп, көбі аштықтан және лагерьлердегі адам төзгісіз жағдайдан қаза болды. Кейінірек СССР жапондарды еліне қайтара бастады. 1950 жылы 22 сәуірде Совет одағы тұтқындарды еліне қайтару процесі аяқталғанын хабарлады. Ахико Тецуро сияқты олардың шағын бөлігі отбасын құрып, СССР аумағында қалды.