Бүгiн 2026, 15:06 Фото: Threads.com/@_atr077

"Әкемді жарты сағат бойы өлтірді": Алматыда ер адам қатты соққыдан қаза тапты

Оқиға туралы ақпарат оның ұлының Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін кең қоғамдық резонанс тудырды.

Алматыда ер адам қатты соққыдан қаза тапты. Бұл оқиға туралы ақпарат оның ұлының Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін кең қоғамдық резонанс тудырды. Полиция мәліметіне сәйкес, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған, күдікті ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2026 жылғы 13 ақпан түнгі шамамен 00:30-да қайтыс болған ер адамның ұлы әлеуметтік желіде жарияланған жазбасында болған оқиғаны баяндап, қоғам назарын трагедияға аударуды сұрады.

Мен үш күн бойы ұйықтамадым, себебі көз алдымнан әкемді кенеттен ұрып құлатып, адам емес, қоқыс сияқты еденде сүйретіп жүрген видео кетпей қойды, – деп жазды ол.

Фото: Threads.com/@_atr077

Автор сонымен қатар кейін тағы бір видео алғанын хабарлады. Сол видеода, оның айтуынша, ер адам ес-түссіз күйде жатқанда басына соққы беріп, ұрып-соғу жалғасып жатқан.

Бұл адамдар емес! Әкемді жарты сағат бойы "өлтірді". Сіздер бәріңіз адамсыздар ғой, толық қоғамдық резонанс тудырыңыздаршы, барлық органдарды, жаңалық порталдарын, блогерлерді белгілеп, барлық жерде жариялаңыздаршы, – делінген жазбада.

Фото: Threads.com/@_atr077

Оқиғаға қатысты Алматы қаласының полиция департаменті де түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұл факті бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы денсаулыққа зиян келтіру, яғни дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлады полициядан.

Тексеру және жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылды.

Қазіргі уақытта барлық жағдайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеудің барысы Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығының бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім заң талаптарына сәйкес қабылданады, – деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.