Бүгiн 2026, 10:35 Фото: ©BAQ.KZ/ Арман Мухатов

Әке жолын жалғаған ұлдар: Тазалықтың да өз династиясы бар

Қала тазалығы үшін күн сайын иық тіресе жұмыс істейтін Құлмахановтар әулетінің тарихы – адал еңбек пен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі.

Астана таңы. Сағат тілі алтыны көрсетіп тұр. Қала әлі оянып үлгермеген, бірақ біреулер үшін бұл уақыт жұмыстың нағыз қызған шағы.

«Астана Тазалық» кәсіпорнында бүгінде шамамен 1500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – арнайы техника жүргізушілері мен коммуналдық қызмет мамандары. Солардың арасында ерекше бір отбасы бар.Бұл отбасының әкесі де, үш ұлы да бір салада еңбек етеді. Бір техника паркінде жұмыс істейді. Олар – Құлмахановтар әулеті.

Кейде ұрпақ сабақтастығы туралы айтқанда дәрігерлер әулетін, ұстаздар династиясын мысалға келтіріп жатамыз. Ал қала тазалығы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың арасында да өз кәсібін баласына аманат еткен әкелер бар. Темірхан Пірімбет – сондай әкелердің бірі.Ол бұл салаға он алты жылын арнаған.

Бүгінде өзі еңбек еткен жолды үш ұлы жалғастырып келеді.Бала кезден көлік жүргізуге құмар болдым. Механизатор- шопыр мамандығын игердім. Кейін 2006 жылы  осы салаға келдім. 2008 жылы мекеме «Астана Тазалық» болып қайта құралды. Қазір артыма қарап отырып, балаларымның да осы жолды таңдағанын көргенде ерекше қуаныш сезінемін, - дейді ол.

Әкенің тәрбиесі көбіне сөзбен емес, іспен беріледі дейді. Құлмахановтар отбасында да солай болған. Ұлдары бала күннен әкесінің жұмысқа қалай дайындалатынын, техникаға қалай қарайтынын, еңбекке деген құрметін көріп өсті. Бүгінде сол балалардың үшеуі де әкесімен бірге еңбек етіп жүр.

Жұмыста да, үйде де әке ретінде кейде ұрысып аламын, кейде ақылымды айтып жол көрсетемін. Бір салада жұмыс істеген соң, балаларыма ең алдымен еңбекке адал болуды, қай жұмысты істесең де жауапкершілікпен орындау керек деп үнемі айтып отырамын, -дейді ол.

Тұңғыш ұлы үшін әкесінен қалған ең үлкен мұра – адалдық.

Әкем бізге әрқашан еңбектің қадірін үйретті. "Жұмысты жақсы көрсең ғана нәтиже болады" деп жиі айтатын. Өзім бұл саланы кездейсоқ таңдаған жоқпын. Жеті жасымнан бастап көлік жүргізіп, техниканың қыр-сырын үйрене бастадым. Көлігім болса, өзім жуамын, өзім жөндеймін. Жалпы техникамен жұмыс істеу – менің бала күннен бергі қызығушылығым,- дейді Бейбітхан Құлмақанов.

Оның айтуынша, бір үйден бірнеше адамның бір салада жұмыс істеуі қиындық емес. Керісінше, бір-біріне сүйеніш болудың, қиындықты бірге еңсерудің мүмкіндігі.

Техника бұзылып қалса немесе күрделі жағдай туындаса, бауырларым лезде жанымнан табылады. Біз жұмыста әріптеспіз, бірақ бәрінен бұрын ағайындымыз, - дейді ол.

Ал екінші ұлы – Абылайхан Темірханұлының негізгі мамандығы – ветеринар. Оның бұл салаға келгеніне бір жыл ғана болған.  Абылайхан да әкесі туралы сөз қозғағанда ең алдымен тәртіп пен шыншылдықты айтады. Оның айтуынша, жұмыс орнында да Темірхан аға әке болудан ешқашан бас тартпайды.

Таңертең жұмысқа бірге келеміз, бірге қайтамыз. Әкем бәрімізді бақылап жүреді. Кейде ұрсады. Бірақ оның бәрі біз дұрыс болсын деген ниеттен екенін түсінеміз. Әкемнен өтірік айтпау мен жауапкершілікті үйрендік, - дейді ол.

Бір қызығы, олар үшін жұмыс пен отбасының арасы ешқашан бөлінбеген.Күндіз бірге еңбек етеді.Кешке отбасы болып бас қосады. Бос уақыттарын да бірге өткізуге тырысады.

Отбасымызды бір сөзбен сипаттасам, ол – бірлік, – дейді ұлы қысқа ғана.

Темірхан әкейдің үшінші ұлының есімі – Шыңғысхан. Ол үшін әкесі ең алдымен еңбек адамының символы. Бала күнінен техника арасында өскен ол әкесінің жанынан қалмай, трактордың рөліне отырып, еңбектің дәмін ерте сезінгенін айтады.

Бес жасымнан бастап әкемнің жанынан қалмай, техникаға қызығып өстім. Ауылда жүргенде трактор айдап, еңбектің қадірін сол кісіден үйрендік. Бүгінгі күні сол еңбектің жемісін көріп отырмыз,- дейді Шыңғысхан.

Ол әкесінің бойындағы ең бағалы қасиет ретінде адалдықты атайды.

Ол кісі әрқашан жұмысына жауапкершілікпен қарайды, сабырлы, еңбекқор, таза жүретін жан. Мен үшін «әке» деген сөз айтылса, ең алдымен осы қасиеттер ойыма келеді. Бізге еңбектің қадірін, адалдықтың мәнін үйреткен де – әкеміз, – дейді ол.

Қала тазалығы дегенде, қоғам көбінесе дайын нәтижені көреді: таза көшелерді, қар құрсауынан ашылған жолды, қоқыссыз алаңды. Ал сол тазалықтың артында таңмен таласа тұрып жұмысқа шығатын мыңдаған адамның еңбегі жатқанын көп жағдайда байқамайды. Біз айтып отырған әулет де сондай жандардың қатарында. Олар үшін тазалық – жай жұмыс емес, қалаға деген құрмет, жауапкершілігі мол қызмет.

Кейде көшеде жүргенде формамыздың өзіне құрмет көрсетілетінін байқаймын. «Тазалық қызметкерлері келе жатыр» деп жол ашып, ілтипат білдіретін азаматтар көп. Мұның өзі біздің еңбегіміздің еленіп жатқанын көрсетеді.Өз басым жұмысымды жақсы көремін,- дейді ол.

Сондай-ақ өз қызметіне деген махаббатын былайша жеткізді.

Үйде ұзақ уақыт жұмыссыз отыра алмаймын. Кейде «демалыс алыңыз» деп жатады. Бірақ бірнеше күннен кейін қайтадан жұмысқа тартылып тұрамын. Мен үшін ең бастысы – қаланың таза болуы. Қала тазалығы – тек тазалық қызметкерлерінің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әр адам тазалықты өзінен бастауы керек деп есептеймін,- дейді Темірхан аға.

Династия тек үлкен лауазымдарда немесе атақты мамандықтарда қалыптаспайды. Ол адал еңбекті қадірлеген жерде пайда болады. Ал әке жолын жалғаған ұлдар бар жерде сол еңбек ешқашан үзілмейтіні анық.