"Әке, жол апатына түстім": Зейнеткер жағдайды "шешу" үшін 13 млн теңгесін берді
Зейнеткер жол апатына түсті деп ойлаған қызын құтқару үшін алаяқтарға 13 млн теңгесін берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полицияның мәліметінше, қоңырау 22 қарашаға қараған түні түскен.
Белгісіз әйел өзін зейнеткердің қызымын деп таныстырып, толқып тұрған дауыспен апатқа ұшырағанын, соның салдарынан зардап шеккендер болғанын хабарлаған.
Қорыққан адам мәліметтерді нақтыламаған және ақпаратты тексеру үшін туыстарына қайта қоңырау шалмаған. Зейнеткер оқыс оқиға туралы естіп, абыржып тұрған кезде, басқа алаяқ әңгімеге қосылған.
Ол ер адамға белгілі бір соманы берсе, жағдайды «шешуге» болады деп сендірген. Содан кейін қарт адам 13 000 000 теңге көлеміндегі жинағын, дроппер деп аталатын курьерге тапсырды.
Сол күні түстен кейін ғана ер адам алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінді. Көкшетау полицейлері алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазір ақшаны алған курьердің де, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың да жеке басы анықталуда, - деп хабарлады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін шотыңызға "кездейсоқ ақша" түссе де оны кері қайтару қауіпті екенін Ұлттық банк ескертті.