Әке аманаты орындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғамның кереғар тұсының бірі – бауырын іздеген жандардың жанайқайы. Аласапыран дүниеде бірі бауыр еті – баласынан көз жазып қалса, енді бірі туған анасын іздеп жүр.  

Осы бір әлеуметтік проблеманы шешуге үлес қосу мақсатында, Қазақ радиосында "БАРМЫСЫҢ, БАУЫРЫМ?" хабары қызмет етеді. 

Бүгін де сүйінші хабарымыз бар! 

Студия қонағы Аманбай Өтебаев Екінші дүниежүзілік соғысқа кетіп оралмаған нағашысы Пазылбек Қалыбековке іздеу салып келді. "Бармысың, бауырым?" хабары анықтағандай, жауынгер Ресейдің Курская облысы Поныров ауданы Сеньково ауылында жерленген деген болжам бар. Жауынгер басынан жарақат алып, госпитальға түскен, 1943 жылы 4 тамызда қайтыс болған. Осы ретте, Ресейдің Орлов облысы Глазуновский аудандық Тарихи-өлкетану музейінің директоры – Елена Владимировна Фролова тікелей эфирге телефон арқылы қосылып, қазақ сарбазы Пазылбек Қалыбековке қатысты ақпаратты жергілікті әскери комиссариаттан анықтап беруге келісті және "Бармысың, бауырым?" хабарына осындай ізгі істі атқарып, жоғалған жауынгерді іздестіріп отырғандарына риза болып, алғыс білдірді. Хабар барысында Ресейдің Орлов облысы Глазуновский ауданында Бауырластар зиратының бары және соғыс жылдары әскери госпитальдің болғаны да анықталды. 

Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған әкесі туралы ақпаратты қолына 74 жылдан кейін алған Амангелді ақсақал: "Бүгін мен үшін де сұрапыл соғыс аяқталды",- деген еді. Өмір осылай, кейде күту залы сияқты. Бірі асқақ арманының орындалғанын күтіп отыр. Енді бірі жақын адамының үйге оралғанын күтіп жүр. Ең бастысы, үміт үзілмесін. Жауынгер Пазылбек Қалыбекоытің де жерленген жері анықталады деп үміттенеміз. 

Сонымен қатар, Қазақ радиосының ең тұрақты тыңдаушысы – Кәрім Айшатұлы Сейдалиев әкесінің аманатын орындау үшін бұрын Өзбекстанда көршілес тұрған туыс атасының ұрпағына іздеу салған еді. Жанбай ата Қазақсатнға көшерінде Кәрім Сейдалиевтің отбасына өз үйін беріп кетіпті. Кәрім Айшатұлына әкесі Жанбай атаға алғыс айт деп аманаттаған екен. Бүгінгі хабарда Ізтілеу Жанбайұлы табылып, Кәрім Сейдалиевпен тікелей эфирде табысты. Қуаныштарыңызға ортақпыз! 

Хат қоржыны: 

1. Мен Нодира Жұмабайқызы Абдрасулова. Түркістан облысынан хат жазып отырмын. Інім Үмітжан Жұмабайұлы Абдрасуловты іздеймін. Туған күні 1995 жылдың 21 қарашасы. 2016 жылы қыркүйектің ортасында үйден шығып кетіп қайта оралмады. Түркістан қаласына да, Түркістан облысында да ресми түрде арыз жаздық. Көрдім дегендер жоқ... 

2. Менің есімім – Еркін Жаңбырбайұлы Еңсепов. Мен Астана қаласының тұрғынымын. Мен өзімнің әкем –Жаңбырбай Еңсепұлы Еңсеповке іздеу саламын. Ол 1955 жылғы 24 мамырда Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Әке-шешеміз ажырасып кеткендіктен, әкеммен байланыс үзіліп қалды. Қазір қайда жүргенін, хал-жағдайының қалай екенін білгім келеді. Бар білетінім – Алматы жақта туыстары бар еді, сол жақта болуы мүмкін. Сіздерден көмек болса кекенн деген үмітпен жазып отырмын... депті хат иесі Еркін Еңсепов. 

3. Мен Нұрлан Хазанғапов, Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ганюшкин ауылынанмын. Мен анам – Құрманай Қапышқызына іздеу саламын. Ол 1959 жылғы 15 маусымда туған. Анамнан 2007 жылдан бері көз жазып қалдық. Ерекше белгілеріне келсек, оң көзінің үстінде үлкендеу қалы бар...
"Бармысың, бауырымның" негізгі тыңдарманы – туысы мен досын сағынатын, үміт үзбей күтетін жандар. Сағыныш деген – сарқылмайтын дүние ғой. 

Ендеше, сағыныш хаттары да таусылмасын, үміттер үзілмесін. Егер, жоғарыдағы хаттарда аты-жөні аталған адамдарды танысаңыздар, бізге хабарласыңыздар, 7-707-53-55-383 нөмірі сіздерден қоңырау күтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы