«Ақбидай». Теңге ілудің жеңімпаздары анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысы Ақтау қаласында «Ақ бидай» республикалық VІІ ауыл спорт ойындары өтіп жатыр.
Қазан айының 10-20 аралығында бір аптаға созылған сайыста еліміздің барлық өңірінен таңдаулы командалар ұлттық спорттан өзара мықтыны анықтап жатыр.
Еліміздің 14 облысынан келген 2 мыңнан астам спортшы спорттың 14 түрінен: теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксингтен жүлдеге таласты.
Теңге ілуге 14 облыстан 24 ойыншы қатысты. Іріктеу сайысында 14 спортшы келесі айналымға өтсе, жұптық сайыста финалға небары 6 ойыншы өтті.
«Ақбидай» ауыл спорты фестивалі облыстың спорттық рейтингіне әсер ететіндіктен, бұл сайысқа ең таңдаулыларын әкеледі. Соның ішінен суырылып шығу оңай емес. Десе де, әдісі мен айласы, жылдамдығы мен ептілігі үйлескен теңгеші жеңіске жетері анық.
12,81 секундта жерден 5 теңге көтеріп, турнирдің жеңімпазы атанған Алматы облысының ойыншысы Әділжан Айып, екінші орында болған батысқазақстандық Бекнұр Серіковтен бар болғаны 0,6 секундқа ғана озды. Ал үшінші орынға тұрақтаған Түркістан облысының теңгешісі Рахат Қомбаров Бекнұрдан 0,6 секундқа ұтылды. Үшінші орынға табан тіреген тағы бір түркістандық ойыншы Досжан Тастеміров өзінен кейінгілерден ілген теңгесінің санымен озды.
Сонымен:
1-орын: Айып Әділжан (Алматы облысы) – 12,81 секундта 5 теңге ілді
2-орын: Серіков Бекнұр (БҚО) - 12,87 секундта 5 теңге ілді.
3-орын: Комбаров Рахат (Түркістан облысы) - 12,93 секундта 5 теңге ілді.
3-орын: Тастеміров Досжан (Түркістан облысы) - 13,97 секундта 5 теңге ілді.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.