Академияның мәртебесін көтеру керек – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөз сөйлейді, деп хабарлады Борт№1 Телеграм каналы. 


«Ұлттық ғылым академиясының тарихы Қазақстан ғалымдарының әлеуеті қаншалықты зор екенін аңғартады. Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды.

Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бүгінде жас ғалымдарымыз сол алыптардың ізін басып, жолын жалғап келеді. Дегенмен, бір мәселені қаперде ұстау керек. Өмір бір орында тұрған жоқ. Күн санап өзгеріп жатқан қазіргі заманда бұрынғы жетістіктерге марқайып отыруға болмайды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Академияның әлеуеті және мүмкіндігі әлдеқайда зор екенін айтты.

Қазір Академия Ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр. Сондай-ақ, салалық журналдар шығарады. Бар болғаны – осы. Шын мәнінде, оның әлеуеті және мүмкіндігі әлдеқайда зор екені түсінікті. Бүгінгі ахуалына қарап, Академияның болашағы бұлыңғыр деп санайтындар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті, академиктердің өздері де оған күмәнмен қарайды.  Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, мұндай құрылымдар екі түрлі үлгіде болады. Оларға мемлекеттік мәртебе беріледі немесе тәуелсіз коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс жүргізеді.  Біз түрлі жағдайға байланысты бір кезде өзгеше жолды таңдауға мәжбүр болдық. Ұлттық ғылым академиясы көптеген қоғамдық ұйымның қатарына қосылып кетті. Салдары қандай болғанын қазір көріп отырмыз. Дегенмен, оның кадрлық және институттық әлеуеті әлі де жоғары, - деді Президент.
 

Мемлекет басшысы Академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажетін айтты.

Академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет. Жұрт ұйымға мүше болу рәсімдерін және оған үміткерлерді толығымен біліп отыруға тиіс. Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесі шешіледі.  Мұның бәрі Академияның жұмысына тың серпін беріп, беделін арттырады. Сондай-ақ, еліміздегі ғылым саласының тұрақты дамуына жол ашады, - деді ол.

Президент Академия мәртебесін көтеру керектігін де айтып өтті.

Осының бәрін ескере отырып, Академияның мәртебесін көтеру керек деп санаймын. Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ, сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан, оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет.  Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға берілгені жөн. Осы ретте, ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударғым келеді. Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады.  Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды.  Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы