Академия түлектері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатарын толықтырды
Осы жылдың 20 маусымында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында алғашқы кәсіби даярлық тыңдаушыларының қорытынды салтанатты шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Академия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы, оқу орнының оқытушылары, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты. Іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төрағасы Асхат Жұмағали түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, профессор-оқытушылар құрамына алғысын білдірді. Асхат Жұмағали атап өткендей «Офицерлерге жоғары талаптар қойылады.
Бұл үлкен жауапкершілік. Погон киген адамдар мінсіз беделге, таза ар-ожданға және адалдыққа ие болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдыңғы қатарында тұрған біздің орган үшін бұл әсіресе өзекті. Жұмыстағы басты бағдар азаматтардың тұрмыс-тіршілігінің саулығы болуға тиіс.
Агенттік Төрағасы жас офицерлерді бейімдеу кезінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Іс-шара соңында қатысушылар тыңдаушыларға арналған Агенттікпен жасақталған тақырыптық аудиторияға барды. Аудитория Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатарында одан әрі қызметте қажетті теориялық және практикалық сабақтарды өткізу үшін қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келеді.
Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қатарына түсуге ниет білдірген 546 үміткердің 163 – і түсу емтиханына жеткен, оның тек 50-і ғана ең жоғары балл жинап, Академияға қабылданған.