Академиктер "Ұлттық ғылым академиясы" РҚБ-ны таратуға дауыс берді

Бүгін Алматыда 2003 жылы қоғамдық ұйым ретінде құрылған «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиналыста академиктердің ҚР ҰҒА РҚБ-дан Қазақстан Президенті жанындағы ҰҒҰ (Ұлттық ғылыми ұйым) құрамына енуі туралы тарихи шешім қабылданды. Бұл шешім бірауыздан мақұлданып, барлық жарғылық талаптарға сай жүзеге асырылды. Академиктер ғылыми әлеуетті біріктіруге бағытталған азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Бұл қадам Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен қайталануды жойып, оны елдің жетекші ғалымдарын біріктіретін біртұтас әрі тұрақты ғылыми орталық ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 2023 жылы құрылып, тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етілді, академиктерді әділ әрі ашық сайлау өткізілді.
Академия мемлекеттік мәртебеге ие болып, ғылымның стратегиялық дамуын, басым бағыттар бойынша ғылыми-талдамалық қолдауды және халықаралық ғылыми қауымдастықпен өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді. 2024 жылы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданғаннан кейін академияға Жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді.
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында: «Ғылымы мықты ел – қуатты мемлекет. Ғылымсыз елдің болашағы бұлыңғыр. Ал озық ғылымы бар ел кез келген дағдарысты еңсере алады», – деп атап өтті.
Президент салалық министрлік құрылған сәттен бастап ғылымның экономикаға ықпалын күшейтуді, оны инновациялармен интеграциялауды және ғылымды тәжірибеге бағыттауды тапсырды.
2023 жылы 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы мен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Жас ғалымдарды қолдау, университеттік ғылымды дамыту, әзірлемелерді коммерцияландыру және өңірлерде ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
Қоғамдық бірлестіктің Жалпы жиналыста қабылдаған шешімі ғылым жүйесіндегі сабақтастықты сақтауға, ғылыми қауымдастықты біріктіруге және ғылым мен өндірістің өзара әрекетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.