Академик вакцинаның күші қанша уақытқа жетеді деген сұраққа жауап берді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев онлайн брифинг барысында коронавируске қарсы вакцинаның қорғаныш күші қанша уақытқа жетеді деген сұраққа жауап берді.

С. Әміреевтің айтуынша, коронавируске қарсы вакцинаның пайда болғанына көп уақыт болған жоқ, сондықтан оның қорғаныш күші қанша уақытқа жететінін ешкім нақты айта алмайды. Бастысы вакцинаның қорғаныш күші бар.

Қазір бізде салынып жатқан екпелердің қорғаныш күші бар, ол толық анықталған. Алайда екпе салған соң түзілетін антидене қанша уақытқа жететіні белгісіз. Қорғаныс иммунитеті 1жыл немесе 2 жылға жетеді деп ешкім нақты айта алмайды. Вакцина өндірушілердің өзі шамалап қана айтады. «Спутник V» вакцинасы 2021 жылдың басында ғана шықты. Сол кезде өндірушілер онлайн конференцияда вакцинадан кейін қорғаушы титр 2 жылға дейін сақталады деп мәлімдеді. Сол кезде мен бұл вакцинаны жасауды екі жыл бұрын қолға алдыңыздар ма, екпені салып тексеріп үлгеріп қойдыңыздар ма деп сұрадым. Олар әрине олай емес деп, кешірім сұрап, тек түзілген антидене титрінің жоғарылығына қатысты шамамен екі жыл деп айтып отырғандарын жеткізді. Сондықтан қазір вакцина қанша уақытқа дейін қорғайтынын ешкім айта алмайды. Ол уақыт өте келе белгілі болады. Бастысы оның қорғаныш күші бар,-деді академик.

Эпидемиолог сондай-ақ қазір көптеген адам виурстан өліп жатқанын айта келе, одан қорғанудың жалғыз жол екпе салдыру екенін айтты.

Қазір күнде коронавирустен көз жұмып жатқандар бар. Бұл індеттің алдын алу үшін вакцина салған дұрыс. Ғалымдар алдағы уақытта бір рет салған соң өмір бойына сақтайтын вакцина жасап шығарады деген ойдамын, бұл әзірге тек арман болып отыр,-деді Әміреев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы