Академик Шерубай Құрманбайұлының жаңа кітаптары таныстырылды
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының 60 жасқа толған мерейтойы аясында ғалым кітаптарының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тілтанушы ғалым зиялы қауым мен көзі қарақты оқырманға жақында ғана жазып, сиясы кеппеген "Алаш көсемі және ұлт тілі" атты монографиясын таныстырды. Кітапта ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның тілдік әрі сөзқолданыс ерекшеліктері талданған. Алаш қайраткерінің ұлт тілін дамытуға қосқан үлесі, қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы рөлі, тұлғанын тіл саясатын жүргізудегі ұстанымдары, саясаткер дискурсы, аудармалары, оның қаламынан туындаған жаңа қолданыстар мен терминдер жайында жазылған. Осы күнге дейін филологияда аса көп назарға алына бермейтін Ә. Бөкейханның тілдік тұлғасы, атап айтқанда қайраткердің аудармаларындағы жаңашылдық, бейімдеп аударудағы шеберлігі, қаламгердің қазіргі қазақ тілінің стильдік тармақтарын негізін қалаушы ретіндегі маңызды қызметі талданған. Қаламгер шығармаларынан бөлек оның хаттары, жеке жазбалары, тіпті рецензияларына дейін қарастырылып, тілдік бейнесі жан-жақты ашылған.
Еңбек "Әлихан және қазақ әдеби тілі", "Әлихан Бөкейхан – аудармашы", "Әлихан Бөкейхан және ХХ ғасыр басындағы термин шығармашылығы", "Теңеулер мен мақал-мəтелдер қолданысы", "Әлихан Бөкейхан тілінің ерекшеліктері", "Ә.Бөкейхан және тіл саясаты", "Кітап сыны", "Бөкейхан және бүркеншік есім сыры", "Әлихан сөздері", "Әлихан Бөкейхан мұрасын зерттеу және шығармаларының академиялық жинағын шығару туралы" деп аталатын 10 тараудан тұрады. Бұлардың әрқайсысында жеке-жеке тақырыппен бұған дейін зерттелмеген мақалалар берілген, мысал ретінде айтар болсак тек "Әлихан Бөкейхан және тіл саясаты" деп аталатын алтыншы тарауда "Әлихан Бөкейхан қазақтың тілдік құқығын қорғаушы", "Орыстандыруға қарсы күрескен қайсар қайраткер", "Саясаткердің тілдік портретін анықтаудағы қаратпа сөздердің орны", "Саясаткер тіліндегі саяси ұрандар", "Саяси көсемнің бұйыру-нұсқау сөздері", "Саяси тұлғаның үндеулері мен халықты бірлікке шақыру сөздері", "Саясаткердің жол сілтеу, жөн көрсету сөздері", "Саясаткер тіліндегі айыптау сөздері", "Саясаткер тіліндегі бағалаушы сөздердің рөлі", "Саяси мәтіндегі жігерлендіру сөздері" секілді тың тақырыптар талданған. Әсіресе ұлт лидерінің саяси дискурсы одан кейінгі дәуірлердегі елді басқарған тұлғалармен салыстырылып талдауы еңбектің зор жетістігі десе болады.
Ғылыми жиында сондай-ақ ғалымның жақында жарық көрген "Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі" мен "Alaş ve Terminoloji" және шәкірті Мәрлен Әділовпен бірге жазған "Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар" кітаптарының тұсаукесері өткізілді.
"Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігінде" 1990 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта негізінен бұқаралық ақпарат беттерінде қолданылған жаңа атаулар мен қолданыстар және оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерге, терминдер сөздігіне енген 4000-нан астам жаңа термин қамтылды. Әлеуметтік желіде кеңірек таралған жеке ұтымды авторлық қолданыстар да назардан тыс қалмады. Сөздікке енген жаңа атаулар мен қолданыстар, терминдер ел тәуелсіздігі тұсындағы 30 жыл мерзім ішіндегі қазақ лексикасының дамуы мен оның толығу, жаңару үдерісін көрсетіп, қазіргі сөзжасам, терминжасам тәжірибесі жөнінде мол мәлімет береді. Кітап жаңа атаулар мен қолданыстардың әліпби ретімен берілген қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігінен және сөздікке енген атаулардың БАҚ-тағы қолданысы мен мағынасын ашып көрсететін нақты мысалдар берілген негізгі екі бөлімнен тұрады. Сөздік соңында олардың қазіргі қазақ тіліндегі қолданылуы мен жасалу ерекшеліктерін көрсететін бірнеше қосымша кесте мен қорытынды мақала берілген. Кітап 2009 жылдан бері әр бес жыл сайын дәстүрлі түрде шығып тұрды. Заманның ағымына қарай пайда болған жаңа сөздер соңғы басылымдардың барлығында толықтырылған. Мәселен, 2009 жылы шыққан кітапта 400-ге жуық сөз ғана қамтылса, 2012-де 1200-ге жетіп, cоңғысында 4000-нан асты. Сөздікке копирайтер, дедлайн, коуч, месседж, онлайн, офлайн, пиар, прайм-тайм, ресепшн, стартап, тренд, флешмоб, фэйк, хайп, харизма, шопинг, және т.б. соңғы кездері жиі қолданылып жүрген кірме атаулар мен бауырдақ, дөнерші, жазылман, жазылым, желімен, жолпол, қаралым, жолжүк, қолжүк, лүпіл, утильалым сияқты ең соңғы жаңа сөздер мен авторлық қолданыстар еніп отыр, - деді Шерубай Құрманбайұлы.
Түрік тіліндегі "Alaş ve Terminoloji" кітабын Анкарада Ататүрік негізін қалаған "Түрік тілі" құрымы шығарды. Бұл еңбек – 2008 жылы Алматыда жарық көрген "Алаш және терминтану" атты ғылыми зерттеудің толықтырылып, қайта басылған түрік тіліндегі аудармасы. Кітаптың түрік тілінде жарық көрген жаңа басылымына Шәкәрім мен Әлиханның терминологияны, ғылым тілін дамытуға қосқан үлесі, термин жасау тәжірибесі туралы бөлімдер қосылды. Ғылыми еңбекті "Түрік тілі" қоғамының ұсынысымен түркиялық ғалым Ержан Петек аударды. Енді Алаш қайраткерлерінің ұсынысымен тіл айналымына кірген терминдердің тарихын, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының жаңа сөздердің жасалу жолдарын бүкіл түркі әлемі жұртшылығы оқитын болады. 1932 жылы Ататүрк құрған ел президентіне тікелей бағынатын халықаралық беделді ұйымда қазақ авторларының санаулы ғана еңбектердің қатарына Шерубай Құрманбайұлының сүбелі зерттеуі Алаш қайраткерлерінің тілі жөніндегі кітабының кіруі – қазақ ғылымы үшін сүйінші жаңалық.
"Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар" атты монографияда Абай шығармаларындағы ақын дәуірі үшін қалыпты қолданыс саналғанымен, қазіргі әдеби тіл тұрғысынан қарағанда көне сөздер мен сирек қолданыстар ретінде танылатын сөздер мен сөз тіркестерінің, қосымшалардың байырғы лексика-грамматикалық мағынасы тілдің тарихи даму барысында болатын өзгерістермен тығыз байланыста қарастырылды. Олар – ескіліктер мен қазіргі тілде белсенді қолданылмайтын ақын шығармаларындағы архаизмдер, мағыналық жағынан өзгерген сөздер, сирек жұмсалатын төл атаулар мен кірме элементтер және көне грамматикалық формалар. Ақын тіліндегі 300-ден астам көне сөз бен сирек қолданыстардың түпкі мағынасы мен этимологиясы тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талданған. Ақын тіліне тән көнерген сөздер мен сирек қолданыстардың қатарында алқау "мақтау", аңсау "шөлдеу", аран "нәпсі", ары- "шаршау", әйләу "істеу", әлифдек "әліптей", әлпеншек "алтыбақан", әрнешік "әртүрлі"; әурілді "өзгерді"; бақыр "мыс тиын", беркіну "бекіну", беркіту "бекіту", бос "тегін", бұл "мата; ақша", бұлау "ақша жұмсау", бұлдау "сату", білән/бірлән "мен/бен"; гүзәл "әдемі", ғапыл қалу "қапы қалу", дағар "дорба", дағара "леген", дүзу "түзу", еркейту "еркелету", еріштіру "таласу", есірік "мас", жалаңқая "жағымпаз", жақ "садақ", жармысы "жартысы", жарылғау "жарылқау", жолғасу "жолығу", жыға "тәж", инану "нану", инаныш "сенім"; кезегендік "кезбелік", кезнеу "қысылу", көйт "жүріс", көміш "нан", күн "ел", күсу "безу, қашу", кібік "секілді", кімі "кейбірі", кісе "белдік қалташасы"; қараша "бұқара халық", қарашы "ханға бағынышты қызметкер", қарындас "туыс", қасалықты "келісті", нәме "хат", нешік "не, қалай", ноқай "ит"; олу "болу", сағыну "ойлау", сауқат "сыйлық", саяқ "жалғыз", сәңа "саған", соңра "сосын", сүру "жағу", сідет "күш", там "үй", тамыр "дос", тәте "әке", телі "ақымақ", тұғры "тура", түзік "түзу", ұғыл "ұл", ұсау "ұқсау", үшбу "осы, т.б. қазіргі тіл тұрғысынан қарағандағы сирек қолданыстар бар.
Ғылыми еңбектермен қатар академик Шерубай Құрманбайұлының өмірі мен ғылыми-педагогтік, мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы әріптес ғалымдардың, достары мен ізбасар шәкірттерінің жазған "Тілтанушы" атты жинақ оқырмандарға таныстырылды. Кітап екі үлкен бөлімнен тұрады. Біріншісі Тілтанушы деп аталып, оның өзі 13 тараушадан тұрады. Онда академик Әбдіуәли Қайдардан бастап Байынқол Қалиев, Шәкір Ибраев, Жантас Жақыпов, Дүкен Мәсімхан, Бекжан Әбдуәлиұлы, Мұрат Сабыр, Сарқыт Әлісжан, Тыныштық Ермекова, Алтынай Тымболова, Ербол Әбдірәсілов, Сабира Исақова бастаған филология ғылымының докторлары Шерубай Құрманбайұлының жазған еңбектерін талдайды, тілтанушылығына баға береді. Кітапта ғалымның терминтану, алаштану, лексикография, неология, архаизм, ономастика, аударматану, тіл саясаты, түркітану, т.б. салаларындағы жетістіктері мен ғылымға әкелген тың жаңалығы, тұжырымдары сөз етіледі.
Алқалы жиынды Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жүргізді.
Ғылыми іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, академиктер, ғалымдар, университет пен мемлекеттік ұйымдар басшылығы қатысты.
ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы сөз бастап, ғалымның ғылымдағы жетістіктеріне тоқталды. Президент кеңесшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаттарын оқып берді.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері белгілі ғалымдар Әділ Ахметов пен Уәлихан Қалижанов академиктің кітаптарына филологиялық тұрғыдан баға берді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Руслан Рүстемұлы және Мәжіліс депутаттары Ерболат Саурықов, Жанарбек Әшімжан ғалымның тек ғылымда ғана емес, мемлекеттік қызметте, әсіресе мемлекеттік тіл саясаты қызметінде зор жетістікке жеткенін атап өтті.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов ғалымның мемлекеттік тілдің дамытудағы қызметін ерекше атап, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов және Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры академик Нұрлан Дулатбеков Шерубай Құрманбайұлының ғылыми-педагогтік қызметіндегі елеулі жетістіктері туралы сөз қозғап, ЕҰУ басқарма төрағасы ғалымға "Күлтегін" медалін тақты.
Тілтанушы ғалымның үзеңгілес әріптестері филолог ғалымдардан Шәкір Ибраев, Кәрімбек Құрманәлі, Жантас Жақып, Мұрат Сабыр, Сарқыт Әлісжан, Сәбира Исақова, Болат Қорғанбеков, Қайырбек Кемеңгер, Бижомарт Қапалбек, Шоқан Шортанбай, Асқар Тұрғанбаев, Қуанышбек Кенжалиндер сөз алып, Ш.Құрманбайұлының кітаптарына пікір білдіріп, талдауларын ұсынды.
Іс-шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапхана, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы және Абай университеті жанындағы Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының қызметкерлері ұйымдастырды.
Еске сала кетсек, Шерубай Құрманбайұлы – тілтанушы ғалым, ол 500-ден астам еңбектің, соның ішінде 50-ге тарта кітаптың, 12 ғылыми монографияның, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының, терминологиялық және екітілді сөздіктердің авторы.
Ш.Құрманбайұлы 1994 жылы "Өсімдік мүшелері мен олардың құрылым-құрылысына қатысты терминдер" деген тақырыпта кандидаттық, 1999 жылы "Қазақ лексикасының терминденуі" тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2001 жылы профессор атағы берілді. 2013 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2020 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Еңбек жолын Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкерінен бастап, сол мекеменің ғалым хатшысы, кейін директоры болды. Тіл комитеті төрағасының орынбасары; комитет төрағасы болып, мемлекеттік тілдің дамуына еңбегі сіңді. Осы күнге дейін универсиетте сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Ғалым терминологиямен қатар сөз мәдениеті, тіл саясаты, неологизмдер мен архаизмдер, алаштану бағытында сүбелі зерттеулер жүргізіп келеді.