Бүгiн 2026, 04:27 Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АИТВ-ға қарсы күресте бірлік қажет: Алматыда сарапшылар бас қосты

Диалог алаңы тәжірибе алмасуға, өзара іс-қимылды үйлестіруге және әріптестікті нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді платформа ретінде бағаланды.

Алматы қаласында АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері арнайы диалог алаңында қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

«Өмір үшін бірлік» атты іс-шара Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы мен Жаһандық қор бірлесіп ұйымдастырды. Жиын барысында сарапшылар қызметтерге қолжетімділікті кеңейту және АИТВ инфекциясының таралуын тежеу жолдарын талқылады.

Орталық директоры Роза Қуанышбекованың айтуынша, Қазақстанда 95–95–95 стратегиясы аясындағы көрсеткіштер оң динамика көрсетіп отыр. Қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87%-ы өз мәртебесін біледі, олардың 89%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды, ал ем алып жүргендердің 92%-ында вирустық жүктеме басылған.

Кездесу барысында тестілеуді кеңейту, үздіксіз терапиямен қамту, емге бейілділікті арттыру және қоғамдағы стигманы азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру қажет екенін атап өтті.

Диалог алаңы тәжірибе алмасуға, өзара іс-қимылды үйлестіруге және әріптестікті нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді платформа ретінде бағаланды.