AITU командасы Қазақстан атынан ICPC World Finals 2025 байқауына жолдама алды

Astana IT University қабырғасында ICPC халықаралық студенттік спорттық бағдарламалау олимпиадасының жартылай финалы өтті. Бұл жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген 270 студент қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олимпиада бір уақытта төрт қалада — Астана, Санкт-Петербург, Новосибирск және Тбилисиде өткізілді. Солтүстік Еуразия аймағындағы ең мықты командалар біріккен рейтингтік жүйе арқылы халықаралық деңгейде бақ сынап, өз білімдері мен дағдыларын көрсетті.

Жартылай финалдың үздік командалары:

  1. “Sorry, who are you?” (Astana IT University) — Қазақстан атынан ICPC World Finals 2025 байқауында өнер көрсетеді
  2. “1 Natural Intelligence” (International IT University, Алматы)
  3. “Jasdauren Street” (Nazarbayev University, Астана)

Astana IT University командасының жеңіске жетіп, ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан шығатынын мақтан етеміз. Бұл жеңіс біздің университеттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның IT-білім беру саласындағы жетістігінің айқын дәлелі. Олимпиаданың тең ұйымдастырушысы ретінде интеллектуалды дарындардың Астанаға жиналуы біз үшін үлкен мәртебе. Бұл еліміздің Орталық Азиядағы IT-білім берудің маңызды орталығы екенін тағы бір мәрте көрсетеді, - деді Astana IT University ректоры Асқар Хикметов.

Айта кету керек, көштің басы “NNEF” қорының жоғарғы оқу орындарына тиесілі. Аталмыш ұйым жылда студенттердің халықаралық деңгейде өз қабілеттерін шыңдауына жағдай жасап келеді.  Болашақ IT-мамандарының жаңа легін қалыптастыруына өзінің сүбелі үлесін тигізіп жатыр.

Айта кетейік, ICPC (International Collegiate Programming Contest) — әлемдегі ең ірі және беделді бағдарламалау олимпиадаларының бірі. 1977 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл сайыс студенттерге өздерінің бағдарламалау дағдыларын көрсетуге және командада жұмыс істеу қабілеттерін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл қасиеттерді әлемдік технологиялық компаниялар жоғары бағалайды.

Қазақстанда осындай жоғары деңгейдегі сайыстардың өтуі елдің Орталық Азиядағы IT-хаб ретіндегі беделін арттырып, талантты жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тек IT мамандарының ғана емес, бүкіл елдің технологиялық саласындағы дамуына серпін береді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Astana IT University
Өзгелердің жаңалығы