Air Astana келесі жылы тағы 20 ұшағын спутниктік интернетке қосады
Келесі жылы Air Astana әуе компаниясының тағы 20 ұшағы спутниктік интернетке қосылып, 50 туристік нысанда байланыс пайда болады.
2027 жылы Air Astana әуе компаниясының тағы 20 ұшағына спутниктік интернет орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жолаушылардың жол үстінде де интернетке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін көлік құралдары, туристік нысандар мен шекара бекеттері желіге қосылуда.
Air Astana әуе компаниясының бір ұшағы OneWeb спутниктік интернетіне қосылды. Келесі жылы бұл шешімді тағы 20 ұшаққа енгізу жоспарланып отыр. Ал „Қазақстан темір жолының“ 1 500 жолаушылар вагонында Starlink спутниктік желісі арқылы Wi-Fi жұмыс істеп тұр, – деді Жаслан Мәдиев.
Спутниктік интернет туристер жиі баратын орындарға да жеткізіліп жатыр. 2026 жылы еліміздегі танымал 10 туристік нысанда байланыс пайда болды. Ал 2027 жылы тағы 50 нысанды интернетке қосу жоспарланған.
Министрдің сөзінше, қазір Қазақстанның барлық шекара бекетінде интернет бар. Байланыс талшықты-оптикалық желілер мен спутниктік желілер арқылы қамтамасыз етіледі.