Air Astana арбаға таңылған Бибігүл Төлегенованы ұшаққа кіргізбей қойды
Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенованы Air Astana қызметкері бортқа кіргізбей әрі дөрекі сөйлеген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еліміздегі ірі әуе компанияның қызметкері арбаға отырып келген 95 жастағы Бибігүл Төлегенованы басқа жолаушыларға кедергі келтіресіз деген желеумен бортқа өткізбеген.
Әртісті шығарып салушы адам оны бортқа дейін арбаға отырғызып алып келген. Бірақ қызметкер оларды дереу тоқтатып, арбаға таңылған жолаушылар ұшаққа не ең бірінші, не соңғы жолаушы кіріп кеткенше күтуі керегін айтқан.
Бибігүл Ахметқызы арбамен тек ұшақтың кіребірісіне дейін ғана барып, ары қарай ешкімге кедергі келтірмей орнына жайғасқысы келді. Оның үстіне сол уақытта топырлаған жолаушы да болмады. Арбамен оп-оңай әрі тез өтіп кетуге мүмкіндік болды. Air Astana қызметкеріне Бибігүл Төлегенова арбада ұзақ уақыт отырып қалса, омыртқасы қатты ауыратынын айтып, салонға ертерек өткізіп жіберуді өтіндік. Тіпті оның жасы 95-ке келгенін, халқының құрметті азаматы екенін де айттық, - дейді желі қолданушысы.
Оның айтуынша, әуе компаниясының қызметкері аты аңызға айналған қазақ әншісіне ешқайдай жеңілдік болмайтынын өте дөрекі түрде ескерткен. Желі қолданушысы қызметкердің үлкен кісіге, қазақтың атын әлемге танытқан азаматқа деген қарапайым құрметтің жоқтығына наразы болды.
Әлеуметтік желідегі жазбаға әуе компанияның ресми парақшасы жауап беріп, осындай оқиғаның болғанын растап, жағдайды өз тарапынан түсіндірді.
Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға деген құрметіміз ерекше! Air Astana әуе компаниясы үшін қауіпсіздік басты орында. Әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай, арбада отырған жолаушылар ұшаққа ең бірінші болып немесе ең соңында мінеді. Яғни, осы ереже жолаушылардың бәрі үшін ыңғайлы, сондай-ақ, терминалдан эвакуациялау ережелеріне сай. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен оның қызы жолаушылар ұшаққа міне бастағанда келген. Сондықтан, әуе компанияның агенті жолаушылар мініп алғанша күте тұрыңыздар деген. Әуе компания осы оқиғаның орын алғанына қатты өкінеді және қызмет сапасын жақсарту үшін қосымша тексеріс жүргізеді, - деп жазды компания.