AIF-2025: Руанда басшысы елінің ауыр тарихын еске алды
Астана халықаралық форумында сөз сөйлеген Руанда Республикасының Президенті Поль Кагаме қауіпсіздік мәселесінің елдердің тұрақты дамуы мен өсіміндегі шешуші рөлін баса айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Руанда басшысы сұрақ-жауап бөлімінде өз елі тарихынан мысал келтірді.
Біз өз тарихымызға сенеміз. Елде болған геноцидтің ауыр оқиғасын ұмытпаймыз. Сол кезде әлемнің кейбір елдері жағдайға бей-жай қарап, басқа жаққа назар аударды. Дегенмен бұл біздің халықаралық серіктестік орнатуымызға кедергі болмады. Бізге қолдау көрсеткен достық ниетті елдер мен серіктестеріміз көп болды. Бірақ ең бастысы, әрқайсымыз өз міндетімізді толық орындауымыз қажет. Әйтпесе, бұл ықпал мен көмек тиімді болмайды, — деді Поль Кагаме.
Руанда басшысы өз сөзінде өткен кезеңдерден алған сабақтарға тоқталып, қауіпсіздіктің мемлекет дамуындағы маңызды фактор екенін әлемдік тәжірибе дәлелдейтінін айтты.
Форум аясында Қазақстанға алғыс білдірген Поль Кагаме AIF алаңы әр елге жаһандық ынтымақтастыққа өз үлесін қосуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін Руанда басшысы Қазақстан қалай гүлденіп жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ бұған дейін AIF-2025 форумы өз жұмысын бастайтыны туралы жаздық.
Ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын, сонымен қатар еліміз жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде қандай реформалар жүргізілгенін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа керек екенін атады. Сонымен қоса Президент ынтымақтастық туралы айтып, форум не үшін құрылғанын атап өтті.
Жиын барысында сөз алған Руанда президенті Поль Кагаме Астанада Қазақстан халықтың батылдығының нәтижесінде ел гүлденіп жатқанын айтты.