Аида Балаева: Жұмысшы мамандықтар жылы бір жолғы бастама емес

“ЕХРО” конгресс-орталығында Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған салтанатты іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде Жұмысшы мамандықтар жылы аяқталып жатқанымен жұмысшы мамандарды қолдау жалғаса беретінін жеткізді.

Жұмысшы мамандықтар жылы – бір жолғы бастама емес, ұзақмерзімді стратегиялық маңызы зор бастама. Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың 3,3 миллион адамы жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек етуде. Олар 2 мыңға жуық түрлі техникалық кәсіптерді қамтып отыр, – деді министр.

Ол колледждерді, жоғарғы оқу орындарын, экономиканың нақты секторындағы кәсіптерді, бизнес қоғамдастықты, цифрлық платформалар мен әлеуметтік саланы біріктіретін кәсіптік кадрларды даярлайтын тұтас экожүйе қалыптасқанын айтты. Сондай-ақ Балаева биыл ерекше назар жастарға аударылып отырғанын атап өтті.

Жұмысшы маман ретінде еңбекпен қамтылған жастардың саны бір миллион екі жүзге жетті. Жұмысшы кәсіптердің ішінде кең танымал мамандықтар бар. Мәселен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фермерлер – 57 мың, дәнекерлеуші 25 мыңнан астам, автокөлік құралдарын жөндеушілер мен слесарьлар – 16 мың. Бұл бір бөлігі ғана, – деді Балаева.

Министр 4 мыңға жуық кәсіпорын өткізген ашық есік күндеріне 113 мыңнан астам оқушы мен студент қатысқанын баяндады. Оның сөзінше, жастар тұрақты жұмыспен кәсіби өсуге және еңбекті құрметтеуге жол ашатын жұмысшы мамандықтарды белсенді түрде танып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы