Аида Балаева жазушы Мархабат Байғұт туралы әсерлі жазбамен бөлісті
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақ журналистикасының дамуына сап ғұмырын арнаған Мархабат Байғұттың қазасы көңілімді бұзды дейді ол.
Уақыт өткен сайын айналамыздағы жақсылардың қатары сиреп бара жатқаны қынжылтады. Өзім сыйлап, құрметтейтін сондай жандардың бірі – Мархабат Байғұт ағамыздың қазасын естіп, көңілім бұзылды, – дейді.
Сондай-ақ, оның қай салада жүрсе де қаламын қолынан тастамайтын мамандыққа, арманына адал жан болғанын сағынышпен еске алды.
Мархабат ағаны сонау 1999 жылы сол кездегі облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына алғаш қызметке келген кезімнен танитын едім. Ағамыз бүкіл саналы ғұмырын отандық журналистика саласына арнады. Қандай қызметте жүрсе де, қаламын қолынан тастамай қазақ әдебиетінің дамуына да үлес қосты. Мемлекеттік қызметтен босап, зейнетке шыққан соң да баспасөз ісінен қол үзген жоқ. Кәсіпке деген адалдық, руханиятқа деген шын берілгендік осылай болса керек. Талантты жазушы, дарынды драматург ағамыздың жазған шығармалары ұлттық прозамыздың алтын қорына рухани мұра болып қалады деп сенемін. Ағамыздың отбасының, жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Марқұмның Жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын,– деп жазды Аида Балаева.