Аида Балаева: Жастардың білімі мен жігері – ел болашағына салынған капитал
Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, баспаналы болуына, волонтерлікпен айналысуына және қоғамдық бастамаларға қатысуына жағдай жасалып келеді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық жастар күніне орай қазақстандық жастарға құттықтауын жолдады.
Министр өз құттықтауында жастардың елдің дамуы мен болашағындағы рөліне тоқталып, бүгінде Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас азамат тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды.
«Жастар – еліміздің ең басты жасампаз күші. Қазақстанның ертеңі, мемлекеттің алдағы даму бағыты ең алдымен бүгінгі жас ұрпақтың біліміне, білігіне, азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығына байланысты», – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды өркендету және инновацияны қолдау Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекетті дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
«Бұл жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға артылған сенім мен жауапкершіліктің де жоғары екенін көрсетеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім мен еңбекті серік етіп, Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру», – деді ол.
Аида Балаева жастар саясатына да тоқталып, жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын жастардың қатары кеңейген.
Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, баспаналы болуына, волонтерлікпен айналысуына және қоғамдық бастамаларға қатысуына жағдай жасалып келеді.
Мәселен, «Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекеттік қолдауға ие болған. Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болды. Ал биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Министр дарынды жастарды қолдаудың маңызын да атап өтті. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жас азаматтардың тың жобалары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы өз саласында үздік нәтижеге қол жеткізген жаңа буын өкілдеріне табысталады.
Сонымен қатар бүгінде елімізде 400-ден астам жастар ұйымы мен 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастардың бастамаларын қолдауға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беріп отыр.
«Жастардың ел өміріне белсенді араласуының маңызы ерекше. Бүгінде мыңдаған жас волонтерлікпен айналысып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, «Таза Қазақстан» жобасына атсалысып жүр. Осындай нақты істер арқылы олар қоғамның дамуына, ел бірлігі мен ортақ құндылықтардың нығаюына өз үлесін қосуда», – деді министр.
Аида Балаева цифрлық даму мен жасанды интеллектіні енгізу кезеңінде жастардың рөлі арта түсетінін айтты.
«Жаңа технологияны игеру, тың идея ұсыну, отандық ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы жас ұрпақ еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қоса алады», – деді ол.
Министр сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауына назар аударып, партиялық тізімдерде жас кандидаттардың болуы жастардың азаматтық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Құттықтауының соңында Аида Балаева жастарға сенім білдіріп, олардың жетістіктері елдің ортақ табысына айналатынын айтты.
«Сіздердің білімдеріңіз бен жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңалыққа ұмтылыстарыңыз – Қазақстанның келешегіне салынған ең үлкен капитал. Біз сіздерге сенеміз, жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз және әрбір игі бастамаларыңызды қолдаймыз», – деді Аида Балаева.
Министр барша жасты Халықаралық жастар күнімен құттықтап, жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер тіледі.