Аида Балаева жаңа Конституция сөз бостандығына кепілдік беретінін мәлімдеді
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева елордада өткен Конституциялық комиссияның ХІХ отырысында сөз бостандығы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көпшілік тарапынан сөз бостандығына қатысты мәселеге айрықша мән беріліп отыр. Азаматтар Конституциядағы тұжырымдардың айқын әрі екіұшты түсіндіруге жол бермейтіндей болуын күтеді. Жаңа Конституция жобасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығына кепілдік береді. Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өміріне қол сұқпауын қорғауға бағытталған. Бұл халықаралық құқық талаптарға толық сәйкес келеді, - деді министр.
Пайымдауынша, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық келісімнің 19-бабына сай, әр адам өз ой-пікірін еркін ұстануға құқылы.
Дей тұрғанмен, онда басқа да адамдардың құқықтары мен абыройын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін екені анық жазылған. Жаңа Конституция жобасындағы бапқа қатысты журналистердің ашық хатына келер болсақ, медиақауымдастықтың үндеуімен мұқият оқып шықтым. Мәдениет және ақпарат министрі, әрі Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бұл түзетулер еш жағдайда сөз бостандығын шектеуге әкеп соқпайтынын сеніммен айта аламын. Қорытындылап айтсам, бұрыннан белгіленген бұл түзетулер жаңашылдық емес, оның ішінде жауапкершілікке әкеп соғатын шектеулерді конституциялық деңгейде бекіту ғана. Біздің ойымызша, ар-ұждан мен қадір-қасиетті қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты негізгі құқықтар конституциялық деңгейде бекітілуі тиіс, - деді Аида Балаева.
Сондай-ақ ол соған қарамастан, ең басты қағида өзгеріссіз қалады.
Сөз бостандығына кепілдік беріледі, ал цензураға тыйым салынады. Әрине, сөз бостандығы – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Сонымен бірге, оның да өзіндік құқықтық шеңбері бар екенін түсінуіміз керек. Бұл шектеулер ой-пікірін білдіруге емес, тек қоғамға қауіпті мақсаттарды көздейтін үгіт-насихатқа қатысты қолданылады. Бұл мәселе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, ұлттық қауіпсіздікке, кемсітушілік сипаттағы араздықты қоздыруға бағытталған, не осындай әрекеттерге айдап салу немесе соған ашық шақыру белгілері бар жағдайларға ғана қатысты екені белгілі, - деді вице-премьер.