Аида Балаева Ұлттық комиссияның жаңа құрамын таныстырды
Елордада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырысқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева төрағалық етті.
Өткен жыл Ұлттық комиссия үшін мазмұнды, нәтижелі жыл болды. Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттарға сәйкес, Ұлттық комиссия өз жұмысын әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық саясатты жетілдіруге бағыттады. Бұл ретте Ұлттық комиссия түрлі мүдделі тараптармен: билік, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдармен сындарлы диалог алаңына айналды, - деп атап өтті Аида Балаева.
Сонымен қатар ведомство басшысы отырыс басында Ұлттық комиссияның жаңа құрамын таныстырды.
Ұлттық комиссия жұмысының реттемесі мен алдағы кезеңдегі жұмысының артықшылығын ескере отырып, оның құрамы ауысты. Президенттің Жарлығымен комиссия құрамына 8 жаңа мүше қосылды. Олардың барлығы өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарымен танымал және мол тәжірибеге ие, - деді Аида Балаева.
Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары болып танымал заңгер Айман Омарова тағайындалды. Ұйымдастыру әлеуетін күшейту үшін Ұлттық комиссияның хатшысы лауазымына Гаухар Нұрахметова лайық деп танылды.
Бұрынғы құрамнан комиссияға Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, "Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі" қауымдастығының директоры Жанна Байдашева, Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастықтың атқарушы директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры, әлеуметтену ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Дәулетбаева, "Dolce" ЖШС құрылтайшысы Елена Ли, Жамбыл облысы әкімінің жанындағы комиссия мүшесі, "Ауыл" партиясының мүшесі Әйгерім Сәрсенбаева, жоғары санатты дәрігер, МВА магистрі, блогер Сұңқар Хангелдина мүше болды.
Күн тәртібінде қыз балалар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу шаралары талқыланды.