Аида Балаева ұлттық жобаның міндеттерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының үшінші бағытының маңыздылығын айтты. 

Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған балалар 29-30 жасқа келіп жатыр. Сөз жоқ, бұл жастар – егемен елдің төл ұрпағы ғана емес, болашақ үміті, ертеңгі иесі болып табылады. Сондықтан оларды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды, - деді Аида Балаева. 
Аида Балаева жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндеттің 2025 жылға дейін атқарылатын істерін атады.

Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

- жастардың базалық сұраныстарын шешу бойынша шараларды іске асыру. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

- жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу.

Оның сөзінше, бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынады. Нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке қол жеткізіледі.

Осыған дейін министр ұлттық жоба аясында танымал анимациялық және танымдық арналар қазақшаланатынын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы