Аида Балаева ШЫҰ мәдениет министрлерінің кеңесіне қатысты

Бүгін, 2025 жылдың 7 шілдесінде Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 22-кеңесі өтті. Қазақстан тарапынан жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте сөз сөйлеген министр кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына алғыс білдіре отырып, ШЫҰ-ның мәдени диалог пен гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы халықаралық маңызын атап өтті.

Мәдениет – бұл тек игі дәстүр ғана емес, болашақты жалғайтын рухани көпір. Біз ортақ бастамаларды неғұрлым белсенді дамытсақ, ШЫҰ мемлекеттерінің рухани бірлігі соғұрлым нығая түседі, – деді Аида Балаева.

Министр өз сөзінде Қазақстан бастамашы болған және белсене қатысып отырған бірқатар маңызды мәдени жобаларды атап өтті. Атап айтқанда:

  • ШЫҰ Жастар фестивалі;
  • Жас көшбасшылар форумы;
  • "ШЫҰ Жібек жолы" халықаралық музыкалық фестивалі (Алматы, 2024);
  • "ШЫҰ елдерінің киелі орындары" жобасы.

Сондай-ақ министр креативті индустрияны дамыту, туризмді қолдау және мәдени байланыстарды жандандыру бойынша нақты ұсыныстар білдірді. Оның ішінде ұлттық қолөнер шеберлерінің қатысуымен көшпелі жәрмеңке ұйымдастыру, сондай-ақ "ШЫҰ мәдени мұрасының цифрлық платформасын" құру бастамасы бар. Бұл платформа виртуалды музейлер, өнер туындылары мен шеберлік сабақтарын біріктіретін ақпараттық база болмақ.

Қазақстан аталған бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізген министр алғашқы іс-шараны 2026 жылы Алматыда немесе Түркістанда өткізуді ұсынды.

Кеңес аясында Аида Балаева ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен және ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен екіжақты кездесулер өткізді. Онда тараптар мәдени ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара әріптестікті нығайтуға мүдделі екендерін білдірді.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды іс-шара – ШЫҰ елдерінің өнері мен жастар әні фестивалінің ашылуы болды. Мақсаты – Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени диалогты ілгерілету және ШЫҰ елдері арасындағы достықты нығайту.

Қазақстан атынан фестивальге мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаттары Садраддин Болат пен Рухия Байдүкенова қатысып, өз өнерлерін паш етті. Ашылу салтанаты жастар кеші форматында өтіп, ұйымға мүше елдердің мәдени әртүрлілігін көрсететін жарқын мерекеге айналды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Өзгелердің жаңалығы