Аида Балаева қайғылы хабармен бөлісті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, профессор, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі Юрий Петрович Аравин өмірден озды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның отбасы мен жақындарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтты.

Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді, – деп жазды Аида Балаева.

Фото: facebook.com/aida.balayeva

Сонымен қатар, министр композитордың қазақ музыкасы мен халық ақындарының мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосқанын атап өтті.

Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты, – деді ол.

Аида Балаеваның айтуынша, Юрий Петрович өз өмірін өнер мен ұлттық мәдениетке арнаған ұлағатты ұстаз, тұтас шығармашылық буынды тәрбиелеген тұлға болды.

Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!, – деп жазды министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы