Аида Балаева: Нұртілеу Иманғалиұлы тележурналистикада өзіндік мектеп қалыптастыра білді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Нұртілеу Иманғалиұлының мезгілсіз қазасына байланысты отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.
Қазақ телевизиясының ардагері, белгілі журналист, танымал зиялы азамат Нұртілеу Иманғалиұлының мезгілсіз қазасына байланысты отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.
Бүкіл саналы ғұмырын ұлттық баспасөз саласына арнаған ағамыз шыншыл да шынайы болмысымен, жүргізушілік шеберлігімен талай бағдарламалардың тізгінін ұстап, көгілдір экраннан өзекті де өткір тақырыптарды көтерген еді.
Өзіне қарап бой түзеген жас журналистер қатарынан сан буын шәкірт тәрбиеледі, тележурналистикада өзіндік мектеп қалыптастыра білді.
Ағамыздың жасаған істері мен жарқын бейнесі қалың көпшіліктің жадында, дос-жаран, әріптестерінің есінде мәңгілік сақаталады.
Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.