Аида Балаева: Музей – ұлттық жадымызды сақтайтын маңызды кеңістік
18 мамыр – Халықаралық музей күні.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Музей – өткенді бүгінмен жалғайтын, тарих тағылымы өскелең ұрпақтың танымына жол ашатын киелі кеңістік. Музейде өткен тарихты жақыннан танып, халқымыздың мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек сезінуге болады. Әрбір түпнұсқа жәдігер, құнды құжат, өнер туындысы мен археологиялық олжа – ел тарихының, адам тағдырының, ұрпақтар сабақтастығының бір бөлшегі. Осы құндылықтар арқылы ұлттық мұра келер ұрпаққа аманат болып жетеді. Бүгінде Қазақстанның музей саласы – ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан жүйе. Елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған, ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді, - деп атап өтті вице-премьер.
Айтуынша, бұл сандардың артында көрмелерге деген қызығушылық қана емес, қоғамның өз тарихын танып-білуге, мәдени сабақтастықты сақтауға деген терең сұранысы тұр.
Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға, мәдени мұраны сақтауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Жаңа Конституциямыздың құндылықтар жүйесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация адам капиталын дамыту мен жасампаз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздері ретінде ерекше мәнге ие болды. Сондықтан қазіргі музей – мұраны сақтайтын орын ғана емес, тәрбие, ағарту және ұлттық болмысты нығайту ісінің маңызды арқауы. Бүгінде музейлер ғылыми-зерттеу, білім беру және ағартушылық бағыттағы заманауи орталықтарға айналып келеді, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр былтырдың өзінде республикалық музейлер 1,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырғанын тілге тиек етті.
Оның ішінде 187 көрме өтіп, оларды 800 мыңға жуық адам тамашалады. Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» залы ашылып, «Қазақстанның Тәуелсіздігі» залының реэкспозициясы жүргізілді. Мұндай жобалар Қазақстан тарихының маңызды кезеңдерін жаңаша танытып, оның мазмұнын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Музей саласын цифрландырудың да маңызы ерекше. Бұл жұмыс музейлермен қатар музей-қорықтарда да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде келушілерге ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін электронды кіру жүйесі енгізілді, - деді министр.
Сондай-ақ елдегі музейлер цифрлық жүйені белсенді қолдауда.
Сонымен бірге E-museum бірыңғай цифрлық кеңістігі дамып келеді. Бұл жүйеге еліміздің барлық 20 өңірінен 284 музей қосылды. Цифрлық каталогқа музей қорының 66 мыңнан астам бірлігі енгізіліп, 750 үшөлшемді модель жасалды, 15 виртуалды тур қолжетімді болды. Бүгін кешке еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтеді. Қазақстанның музейлері мен музей-қорықтары келушілерге есігін ерекше форматта ашып, кешкі экскурсиялар, көрмелер, интерактивті бағдарламалар, шығармашылық кездесулер мен мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұсынады. Барша музей қызметкерлеріне кәсібіне адалдығы, ұлттық мұраға деген жанашырлығы және қоғамның рухани өркендеуіне қосып келе жатқан зор үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді Аида Балаева.