Бүгiн 2026, 09:45 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Аида Балаева: Мемлекеттік қызмет жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап етеді

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігі, адал еңбегі мен жоғары азаматтық ұстанымы – еліміздің өркендеуіне қосылған маңызды үлес.

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау жариялап, мемлекеттік қызметтің қоғам мен мемлекет дамуындағы маңызын атап өтті.

Министр өз құттықтауында бұл мерекенің ел мен қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін құрмет пен ризашылықтың айқын белгісі екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекетке қызмет ету – үлкен абырой әрі аса жауапты миссия. Мемлекеттік қызметшілер заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді. Мемлекеттік қызмет жоғары жауапкершілікті, терең білім мен кәсібилікті талап етеді, – деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелілігіне, қоғамның билік институттарына деген сеніміне және еліміздің орнықты дамуына тікелей әсер етеді.

Бүгінде Қазақстан Әділетті әрі Қуатты мемлекет құру жолында дәйекті қадам жасап келеді. Бұл ауқымды өзгерістердің негізінде азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған жаңарған Конституция мен әділдік қағидаттары жатыр, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ вице-премьер мемлекеттік қызметшілердің ел дамуы жолындағы ерекше рөліне тоқталды.

Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. Олардың кәсіби біліктілігі, адал еңбегі мен жоғары азаматтық ұстанымы – еліміздің өркендеуіне қосылған маңызды үлес, – деді ол.

Құттықтау соңында Аида Балаева мемлекеттік қызмет саласының өкілдеріне ізгі тілегін арнады.

Сіздерді Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, толайым табыс, қажымас қайрат, халық игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін. Еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі.