Аида Балаева: Балаларға кітапты күштеп емес, қызықтыра отырып үйрету қажет
Кітапты күштеп оқыту емес, қызықтыра отырып үйрету – қазіргі заман баласына лайық тәсіл. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Aiqyn газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдени инфрақұрылымды жаңғырту – тек қабырғаны жөндеу емес, ең алдымен оның ішкі мазмұнын жаңарту. Қазіргі заманның оқырманы, көрермені, тыңдарманы мүлде басқа. Олар жылдам ақпарат алады, цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан біз мәдени мекемелердің мазмұнын да сол үдерістерге сай бейімдеуіміз керек, – дейді министр Аида Балаева.
Оның айтуынша, бүгінгі оқырман мен көрермен мүлде басқа сипатта дамуда. Олар жылдам ақпарат алады, цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан да мәдени мекемелердің де ішкі мазмұны өзгеруі тиіс. Қазіргі заманның сұранысына жауап бере алатын заманауи бағыттағы әдебиеттер жеткіліксіз. Соңғы жылдары кітапханалар цифрлық трансформацияға көшкенімен, кітап қорындағы мазмұн әлі де ескі жүйемен қалып қойған.
Қазір, өкінішке қарай, оқырман іздеген жаңа туындылар, заманауи жанрлар, балама әдебиеттер кітап сөрелерінен табыла бермейді. Бұл – қорды жаңарту, жүйелі сараптау, нарықтағы әдеби үрдістерді бақылау қажет деген сөз. Біз дәл осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен, кітап қорын заманауи әдебиетпен жаңарту қолға алынуда. Бұл тек көркем әдебиетке емес, ғылыми-көпшілік, кәсіптік, мотивациялық, балалар мен жасөспірімдерге арналған контентке де қатысты, – деді ол.
Министрліктің дерегі бойынша, елде бар кітаптың саны көп, бірақ саласы жұтаң. Айналдырған төрт-бес автордың бір тақырыптағы кітаптары бірнеше мәрте өзгертіліп қайта-қайта басыла берген. Мысалы, кітапхана қорларында кітап аталымы тұрғысынан белгілі классик жазушымыздың 1 174 кітабы 26 804 данада болса, кітап тиражы тұрғысында ортаңқол бір автордың 1 012 кітабы 34 746 данасымен көш бастаған.
Авторға да, оның туындысына да сұрақ жоқ. Мәселе басқада. Менің айтпағым – бұл жекелеген бірреттік факт емес, жүйелі, стратегиялық тұрғыда шешетін мәселе. Мемлекеттің кітап басуға жұмсалатын қаражатын тиімді пайдалану. Тақырып жаңғырту. Жазушыларды қолдау. Әрине, бұл айтуға оңай сияқты. Бірақ біз бұл жұмысты қалай ұйымдастыру керегін білеміз. Қазірдің өзінде Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы басылып шығатын әдебиеттер қатарындағы заманауи көркем, публицистикалық (non-fiction) және ғылыми-көпшілік, сондай-ақ министрлік бастамасымен аударма мен балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиеттер үлесін 80%-ға көтердік, - деді министр.
Министрдің сөзінше, балаларды қызықты жанрлар арқылы қызықтыруымыз керек. Күштеп оқытудың заманы өткен.
Балаларға кітапты күштеп оқыту емес, қызықтыра отырып үйрету қажет. Олар әдебиетке жаңа формалар арқылы ғашық болуы мүмкін. Демек, біз әдебиет пен мәдениетте мұраны сақтай отырып, болашақты қалыптастыру миссиясын қатар алып жүруіміз керек, - деп атап өтті Аида Балаева.
Бұған дейін министр мәдениет мекемелері цифрлық дәуірге бейімделіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Аида Балаева Қастеев музейіндегі алкогольге қатысты дау немен аяқталғанын айтты.