Кеше 2026, 22:41 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Аида Балаева: Балалар құқығын қорғау – мемлекет саясатының басым бағыты

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі ретінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу қаралды.

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған комиссия кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алуға бағытталған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіретін тұрақты алқалы орган болып табылады.

Жиын барысында бейінді ведомстволар елдегі қазіргі жағдай бойынша есеп берді. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 8 пайызға төмендегені атап өтілді.

Отырыста комиссияның алдағы жұмыс жоспары бекітілді. Құжатта өңірлердің жауапкершілігін күшейту, тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, тәлімгерлік институтын дамыту және «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын өңірлік деңгейде сапалы іске асыру мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар елімізде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың құрамы жаңартылып, оған азаматтық қоғам мен сарапшылар өкілдері енгізілгені айтылды. Олар білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдын алу шараларына қатысуда.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі ретінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу қаралды. Бұл бағытта Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп кешенді жоспарды іске асыруда.

2024 жылдың шілдесінде суицидтік мінез-құлық белгілері бар балаларды анықтау және олармен жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмі енгізілген. Дегенмен, оны өңірлерде толық қолдану деңгейі әркелкі екені айтылды.

Осыған байланысты қатысушылар ерте анықтау жүйесін жетілдіру, әрбір жағдайға талдауды күшейту және қиын жағдайдағы балаларға уақтылы көмек көрсету тетіктерін дамыту қажеттігін атап өтті.

Аида Балаева өз сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты мемлекет үшін басты құндылық екенін айтты.

«Балалар – біздің басты құндылығымыз, мемлекеттің болашағы. Сондықтан олардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуі – ортақ міндет. Ведомствоаралық комиссияның мақсаты – барлық күшті біріктіріп, балаларды қорғау жүйесін тиімді ету», – деді министр.

Жиын қорытындысында білім беру ұйымдарындағы психолог қызметін күшейту, ата-аналармен жұмысты жандандыру, тәуекел тобындағы оқушыларды цифрлық мониторинг арқылы бақылау және ерте алдын алу шараларын жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берілді.