Аида Балаева Астанада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында азаматтық қоғамды дамыту, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары және мемлекет пен үшінші сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту шаралары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аида Балаеваның айтуынша, мұндай кездесулер өзара тиімді диалог орнатып, бірлескен жұмысты жетілдіруге мүмкіндік береді.
Азаматтық форумның дәстүрлі түрде өтіп келе жатқаны қуантады. Өңірлік форумдардың өткізілуі азаматтық форумның мазмұны мен мәнін жыл сайын жақсартып келеді. Бұл ең алдымен мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамытуға жол ашады, – деді министр.
Ол кейбір министрліктердің үкіметтік емес секторымен әлі де белсенді байланыс орната қоймағанын атап өтті. Министрдің айтуынша, НПО әлеуметтік, экологиялық және білім беру бағыттарындағы көптеген мәселелерді шеше алады, бұл өз кезегінде мемлекеттік құрылымдардың жұмысын жеңілдетеді.
Қазір IT бағыты, волонтерлік және жастар ұйымдарының жұмысы ерекше өзекті. Өңірлік деңгейде басты міндет – салалық министрліктердің өз бағытындағы ұйымдармен жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бүгін жекелеген министрлермен кездесулердің өтіп жатқаны – сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, өздеріңізге байланысты, – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр волонтерлік, жастар және IT бағыттарын дамытудың маңыздылығына назар аударып, министрліктер мен салалық ұйымдардың өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылы жүйелі түрде жолға қойылуы қажет екенін айтты.
Аида Балаева үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырып жатқан жобалар қоғам үшін шынымен өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, нақты әлеуметтік нәтиже беруі тиіс екенін де ерекше атап өтті.