Аида Балаева: 2025 – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылғы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жыл – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл, – деді министр.

Биыл бірқатар атаулы мерейтойлар мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бар. 

Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтпек.

Аталған мерейтойлық әрі маңызды іс-шаралармен қатар, белгілі тұлғалардың мерейтойларын да жоғары деңгейде өткізу міндеті тұр.

Бұл іс-шараларға қатысты кешенді жоспар бекітілді. Дегенмен атқарылар жұмыстар формальды түрде өтпеуі керек. Әр іс-шараның мәні мен мазмұны, тағылымы терең болуға тиіс, – деді Аида Балаева.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар жоспарлануда. Сондай-ақ, «Батырларға тағзым» онлайн-платформасы іске қосылады. Порталға 1 млн-ға жуық қазақстандық жауынгердің есімі бойынша мәліметтер, сондай-ақ жеке құжаттары мен фотосуреттері енгізілді.

Аида Балаева саланы цифрландыру мәселесіне де жіті назар аудару қажетін айтты. Цифрландыру – мәдениет пен ақпарат саласындағы тың мүмкіндіктер алаңы.

Министрлік мәдени мұраларды сақтау және қолжетімді ету үшін цифрландыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. «E-museum» веб-порталы іске қосылып, Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі жасақталмақ. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраларға 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Кино саласына қатысты өзекті мәселелер де ұдайы назарда. Солардың бірі – «Қазақфильмді» дамыту. Президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады.

Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді, – деді Аида Балаева.

2024 жылы алғаш рет ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жаңа форматтағы конкурс өткізілді. Былтыр 16 ұлттық фильм прокатқа шықса, 2025 жылы 14 жаңа кинотуынды жарық көреді.

Сондай-ақ, анимация саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы 10 анимациялық жоба жасалып, балаларға арналған қазақша мультфильмдер өндірісі артады.

Телеарналардағы сериалдардың да сапасы артып келеді. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал дайындалып, көрсетілді.

Министрлік ұлттық кино мен сериалдарды шетелге экспорттау мәселесіне де назар аударып, ұлттық стриминг платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, кинопрокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдердің мазмұнына байланысты прокаттау куәлігін беру бойынша заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Кино саласын бұдан әрі кезең-кезеңмен жетілдіру жұмыстары жалғасады.

Бүгінде жалпы мәдениет саласында 8 мыңға тарта мәдениет ұйымында 58 мыңнан астам адам қызмет етеді. Былтыр театрларда өткен 16 мыңға жуық іс-шараға 3 млн-ға жуық көрермен келсе, музейлерде ұйымдастарылған іс-шараға 2 млн-нан аса адам қатысқан.

Бұл ретте министр мәдени ұйымдарда өтетін коммерциялық іс-шаралардың да мазмұнына мән беру керек екенін айтты.

Өйткені киелі сахна – талғам мен тағылымның ордасы. Сол себепті де мәртебелі өнердің қадір-қасиетін түсірмей, бәріміз де жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Мәдениет ошақтары саяси лозунгтар мен ұрандардан ада болып, нағыз өнердің кең қанат жаюына жағдай жасауы керек, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, министр ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру фактілерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейту керек екенін де атап өтті. Қазіргі кезде елімізде 18 конфессияны білдіретін 4 мыңға жуық тіркелген діни бірлестік бар. Сондықтан, қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеу орынды.

Сондай-ақ этномәдени бірлестіктерді гранттық қолдау этносаралық келісім мен бірлікті дамытуға ықпал етеді. Аида Балаева осы мәселенің құқықтық қамтамасыз етілуін пысықтау қажетін айтты.

Жалған ақпаратпен күресу және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру үшін «Масс-медиа туралы» жаңа заң қабылданды. Өткен жылы онлайн-платформаларда заңнаманы бұзған 67 мыңнан астам факті анықталып, 18 мыңнан астам материал жойылды. Министрлік журналистердің біліктілігін арттыру, медиа сауаттылықты көтеру және фактчекинг бойынша тренингтер ұйымдастыруды қолға алды.

2025 жылы Орталық Азия медиафорумы өтеді, онда медиа саласының өзекті мәселелері талқыланбақ.

Тағы бір маңызды бағыт – креативті индустрияларды дамыту. Мемлекет басшысы таяуда креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша заңға қол қойды. Енді креативті индустрияларды дамыту қоры жұмысын бастайды. Әр өңірде креативті хабтар ашылуда. Бүгінде республика бойынша 12 креативті орталық жұмыс істейді, ал 2025 жылы тағы 8 орталық ашу жоспарланған.

Министрлік мәдениет саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы ел өңірлерінде мәдениет нысандарына қатысты 255 жөндеу және 45 құрылыс жұмыстары аяқталды.

Ұлттық музей, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры, Наталья Сац атындағы театр және басқа да мәдениет нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сөз соңында, министр 2025 жылға арналған ауқымды жоспарларды іске асыруда барлық сала мамандарын, қоғамдық кеңестер мен журналистерді белсенді қатысуға шақырды.

Халықтың бірлігін нығайтып, еліміздің тұрақты дамыту –баршамызға ортақ мүдде. Ендеше, ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ете берейік, – деді Аида Балаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы