AI, Орта дәліз және геосаясат: Түркі әлемі жаңа кезеңге қадам басты
Ердоғанның Астанаға сапары мен Түркістандағы саммит Орталық Азиядағы жаңа ықпалдастық кезеңінің бағытын айқындауы мүмкін.
13-14 мамырда Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруымен жоспарланған бұл сапар тек екіжақты кездесулермен шектелмейді. Ердоғанның Астанаға келуі Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістанда өтетін бейресми саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл кездесу Орталық Азия үшін нені өзгертуі мүмкін, Түркі мемлекеттері ұйымы жаңа деңгейге көтеріле ала ма және саммиттен қандай нақты нәтижелер күтіледі? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда бұл кездесу жай дипломатиялық жиын емес, Орталық Азияның болашақтағы орны мен түркі интеграциясының бағытын айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі болуы мүмкін.
Түркі әлемінің ықпалы күшейіп келе ме?
Соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы мәдени-гуманитарлық кеңістіктен біртіндеп геосаяси және геоэкономикалық салмағы бар құрылымға айналуға ұмтылып келеді.
Саясаттанушы, халықаралық қатынастар сарапшысы Тасым Риззат Түркістандағы саммиттің символдық әрі саяси маңызы ерекше екенін айтады. Оның сөзінше, Түркістанның таңдалуы – түркі әлемінің ортақ тарихи жады мен мәдени сабақтастығын күшейтетін маңызды белгі. Сарапшы ұйым қазір жай мәдени алаң емес, халықаралық саясатта өз орны бар құрылымға айналуға ұмтылып отырғанын атап өтті. Сонымен бірге ол ТМҰ конфронтацияға негізделген ұйым емес, ортақ тарихи тамыр мен сенімге сүйенетін ашық ықпалдастық платформасы екенін айтты.
Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінде ең қарқынды дамып келе жатқан халықаралық құрылымдардың біріне айналды. Әсіресе 2021 жылғы трансформациядан кейін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі толыққанды көпсалалы ұйым ретінде жаңа деңгейде институционалдық тұрғыдан нығая түсті. Түркістандағы кездесу Орталық Азияның халықаралық субъектілігін күшейтуге, ал Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық салмағын арттыруға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі деп айтуға болады, – деді Тасым Риззат.
Орталық Азия ірі державалардың ортасындағы жаңа ойыншыға айналып келеді
Сарапшылар қазіргі жағдайда Орталық Азияға деген халықаралық қызығушылық бұрынғыдан да күшейгенін айтады. Энергетика, көлік дәліздері, сирек металдар, қауіпсіздік және логистика мәселелері аймақтың стратегиялық маңызын арттырып отыр.
Саясаттанушы Руслан Мақсат Түркістандағы саммитті Еуразиядағы геосаяси архитектураның өзгеру кезеңіндегі маңызды оқиға деп бағалайды. Оның пікірінше, ТМҰ аясындағы ықпалдастық Орталық Азия елдеріне стратегиялық автономияны күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе Орта дәліз жобасы Ресей арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға балама қалыптастырып, аймақты әлемдік нарықпен тікелей байланыстыратын маңызды тетікке айналып отыр.
Сарапшы Түркияның бұл бағыттағы рөлі ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, Ердоғанның саммитке қатысуы Анкараның Орта дәлізді Еуропаға шығатын негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді. Сонымен бірге Руслан Мақсат Тұран факторын тек мәдени ұғым ретінде емес, қорғаныс, қауіпсіздік және технологиялық ықпалдастықпен байланысты жаңа геосаяси элемент ретінде сипаттады.
Ердоғанның қатысуы Түркияның бұл бағытты Еуропаға шығар есік ретінде қолдайтынын және инвестиция салуға дайын екенін нақтылай түседі. Сонымен қатар, Тұран факторы тек мәдениет емес, ол әскери-техникалық ынтымақтастық пен қауіпсіздікке негізделген. Орталық Азия елдерінің Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттары мен брондалған техникаларына қызығушылық танытуы аймақтың қорғаныс қабілетін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Көпполярлы әлемде түркі мемлекеттерінің бірігуі Орталық Азияны ірі державалар арасындағы бәсекеде объектіден дербес субъектіге айналдырып, 170 миллионнан астам халқы бар қуатты экономикалық блок ретінде қалыптастырады, – деді ол.
Жасанды интеллект – жаңа күн тәртібінің өзегі
Биылғы кездесудің басты ерекшелігінің бірі – саммит күн тәртібіне жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселесінің шығарылуы. Сарапшылар мұны кездейсоқ таңдау емес деп есептейді.
Саясаттанушы Елдос Жұмағұлов қазіргі кезеңде жасанды интеллект мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналғанын айтады. Оның сөзінше, технологиялық үстемдік енді тек экономикада емес, мемлекеттік басқару мен қауіпсіздік саласында да шешуші рөл ойнай бастады. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымы цифрлық трансформацияны стратегиялық даму бағыты ретінде қарастырып отыр.
Сарапшы соңғы жылдары ұйымның барлық ірі саммиттерінде цифрлық технология тақырыбы тұрақты түрде көтеріліп келе жатқанын еске салды. Астанадағы V саммит медиа мен ақпараттық технологияларға арналса, Ыстанбұлдағы VIII саммитте «ақылды қалалар» мен жасыл технология мәселелері талқыланған. Ал Бішкектегі XI саммиттің күн тәртібінде цифрлық болашақ пен экономикалық интеграция мәселесі тұрған.
Түркістанда дәл жасанды интеллект мәселесінің көтерілуі – түркі елдерінің болашаққа бағытталған ортақ технологиялық күн тәртібін қалыптастыруға тырысып жатқанын көрсетеді. Орталық Азия үшін жасанды интеллект мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика мен білім беру салаларын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жастардың технологиялық әлеуетін дамытуға және жаңа цифрлық экономиканы қалыптастыруға жол ашады, – деді Елдос Жұмағұлов.
Оның пікірінше, Орталық Азия үшін AI ауыл шаруашылығын, энергетиканы, логистиканы, білім беру мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жаңа цифрлық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Түркия тәжірибесі және жаңа технологиялық ықпалдастық
Сарапшылар Түркияның соңғы жылдары қорғаныс өнеркәсібі, цифрлық технология және стартаптар бағытында айтарлықтай нәтижеге жеткенін айтады. Сондықтан Ердоғанның саммитке қатысуы кездесудің саяси салмағымен қатар технологиялық маңызын да күшейтіп отыр.
Тасым Риззаттың пікірінше, Қазақстан бұл бағытта ТМҰ ішіндегі жетекші драйверлердің біріне айнала алады. Ол Қазақстанның цифрландыру саласындағы халықаралық рейтингтердегі нәтижелерін мысалға келтіріп, елдің цифрлық даму бойынша аймақтағы маңызды орталықтардың біріне айналып келе жатқанын айтты.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясында цифрлық даму мәселесі әрдайым негізгі күн тәртібіндегі бағыттардың бірі болып келеді. ТМҰ көлік-логистика, энергетика және цифрлық байланыс мәселелері тұрғысынан маңызды. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытына қатысты ынтымақтастық күшейеді деген үміт бар. Өйткені қазіргі халықаралық тізбектердің үзілмелі жағдайында Орталық Азия үшін балама дәліздер мәселесі стратегиялық сипатқа ие болып отыр. Сол себепті Түркістандағы кездесу Орталық Азияның халықаралық субъектілігін күшейтуге, ал Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық салмағын арттыруға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі деп айтуға болады, - деп атап өтті Риззат Тасым.
Сонымен бірге сарапшылар цифрлық қауіпсіздік мәселесі де саммит аясында маңызды тақырыптардың біріне айналуы мүмкін екенін айтады. Себебі қазір кибершабуылдар мен ақпараттық манипуляциялар күшейіп тұрған кезеңде деректер қауіпсіздігі мен цифрлық егемендік мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр.
Қазақстан мен Түркия байланысы жаңа мазмұнға ие болды
Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс бұрынғы символикалық деңгейден әлдеқайда асып кеткен. Екі ел арасындағы қатынас нақты экономика, логистика, қорғаныс өнеркәсібі, білім беру және технологиялық әріптестікке негізделіп отыр.
Тасым Риззат Қазақстан Анкара үшін Орталық Азиядағы ең сенімді әрі институционалдық серіктестердің біріне айналғанын айтады. Оның сөзінше, түркиялық кәсіпкерлер Қазақстанда тамақ өнеркәсібі, медицина, құрылыс, қонақүй бизнесі мен өндіріс салаларында белсенді жұмыс істеп келеді. Түркия Қазақстан экономикасына 6 млрд доллардан астам инвестиция салған.
Сарапшы қазіргі халықаралық турбулентті кезеңде Астана мен Анкара арасындағы байланыс жаңа саяси мазмұнға ие болып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, екі ел де халықаралық қатынастарда конфронтациядан гөрі тепе-теңдік, делдалдық және көпжақты дипломатия қағидаттарын қолдайды.
Қазақ-түрік ықпалдастығы енді жай тарихи бауырластық ұғымымен шектелмейді. Бұл – нақты экономикалық, технологиялық және геосаяси әріптестікке айналып келе жатқан байланыс, – деді Тасым Риззат.
Руслан Мақсат та Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты кеңейтілген стратегиялық серіктестік ретінде бағалайды. Оның пікірінше, түрік компаниялары Қазақстан экономикасын шикізатқа тәуелділіктен шығару процесіне нақты үлес қосып отыр. Сонымен бірге Түркияның энергетикалық хаб ретіндегі рөлі Қазақстан үшін мұнай мен газды әлемдік нарыққа шығаруда маңызды бағытқа айналуы мүмкін.
Түркістандағы саммиттен кейін не өзгеруі мүмкін?
Сарапшылардың ортақ пікірінше, Түркістандағы кездесу Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа кезеңге өтіп жатқанын көрсетеді. Ұйым біртіндеп мәдени-гуманитарлық алаңнан экономикалық, технологиялық және геосаяси ықпалы бар құрылымға айналуға тырысып отыр.
Әсіресе Орта дәліз, цифрлық трансформация, AI, энергетика және қауіпсіздік тақырыптарының қатар көтерілуі ұйымның болашақтағы бағытын аңғартады. Егер саммит барысында көтерілген бастамалар нақты жобаларға ұласса, ТМҰ Орталық Азиядағы ең ықпалды өңірлік құрылымдардың біріне айналуы мүмкін.