AI Governance 500: Мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект бойынша оқытудың екінші легі басталды
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған AI Governance 500 бағдарламасы жалғасуда
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында басшыларды AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасы бойынша оқытудың екінші легі басталды.
Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үдерісіне тартылған кадрларды жүйелі түрде даярлаудың маңыздылығын көрсетеді.
AI Governance 500 бағдарламасын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асыруда. Оқыту мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні ауқымды енгізу мақсатында ұйымдастырылды.
Биыл қаңтар айында алғашқы лекте 99 мемлекеттік қызметші оқытудан өтті, бағдарламаның екінші легіне 93 басшы қатысып жатыр. Шараның ашылуына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев, Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мадиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.
AI Governance 500 бағдарламасы ведомствоаралық цифрлық жобаларды бастауға және сүйемелдеуге, олардың архитектуралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Digital Kazakhstan тұжырымдамасы аясында мемлекеттік күн тәртібінің стратегиялық мақсаттарына қолжеткізуге қабілетті цифрлық басшылар – AI-офицерлердің тұрақты кадрлық пулын қалыптастыруды көздейді.
Оқытуға Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы басшылары, Құрылтай депутаттары, салалық вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар аппараттарының басшылары, мәслихат төрағалары қатысуда.